Астанада Абылай ханның 315 жылдығына орай тарихи-танымдық форум өтіп жатыр

Астанада Абылай ханның 315 жылдығына орай тарихи-танымдық форум өтіп жатыр
Фото: Василий Крась

Елордадағы №32 мектеп-гимназияда «Абылай хан – ел бірлігінің ұлы символы» атты қалалық тарихи-танымдық форум өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Форумға №32 мектеп-гимназиясының директоры Гүлшат Байтас, Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Дидар Байтасов, ЕҰУ тарих факультетінің деканы Өмірбай Бекмағанбетов, сондай-ақ қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Бүгінгі форумда Өмірбай Бекмағанбетов «Абылайдың мемлекетшіл тұлғасының қалыптасу мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, тарихи деректер негізінде тың тұжырымдар ұсынады.

 «Жастар - келешектің негізгі болашағын қалайтын, жас ұрпақ. Олардың тарихи санасын қалыптастыруда мұндай форумдардың атқаратын рөлі өте зор. Бүгінгі форумда Абылайдың мемлекеттік деңгейдегі тұлға болып қалыптасуының қазіргі уақыттағы отандық тарихнамадағы мәселелері, соңғы уақытта зерттеулерде шығып жатқан Абылай ханға қатысты деректер, Абылайдың жүргізген сыртқы және ішкі саясатының бүгінгі заманмен үндестігін көрсету», - деді ЕҰУ тарих факультетінің деканы Өмірбай Жолдыбекұлы.

Іс-шараны қалалық Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мен №32 мектеп-гимназиясы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның мақсаты –  Абылай ханның қазақ тарихындағы орны мен ел бірлігін нығайтудағы рөлін жан-жақты таныту, оның көреген саясаты мен көшбасшылық қасиеттерін тарихи және әдеби деректер негізінде зерделеу. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел бірлігінің маңызын ұғындыру.

Форум басталмас бұрын фойеде келушілер назарына жауынгерлердің сауыт-сайманы таныстырылып, Абылай ханның балалық шағына қатысты шағын қойылым қойылды. Мұнда Абылайдың дипломатиялық тұрғыда қабылдаған маңызды шешімдерінен көріністер сахналанды.

«Өздеріңізге мәлім, биыл Абылай ханның 315 жылдығы. Біз, Абылай хан даңғылы бойында орналасқан мектеп ретінде осы датаны атап өтуді қолға алдық. Мұндағы негізгі мақсатымыз – оқушыларымыздың бойына патриоттық сезімді, отансүйгіштікті ұялату, Абылай ханның тарихтағы маңызды орнын насихаттау. Сондай-ақ бүгінгі танымдық іс-шара біз тек қана Абылай ханды еске алу мақсатында ғана емес, оның ұлт тарихындағы маңызды орнын көрсетуді мақсат тұта отырып ұымдастырдық. Сіздер өздеріңізге құнды деректер тауып, қызықты тарихи мәліметтермен танысады деген сенімдемін», - деді мектеп директоры Гүлшат Берікбайқызы.

Пленарлық бөлімде зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, білім беру саласының басшылары мен қоғам қайраткерлері мазмұнды баяндамалар жасап, тарихтың бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі орны мен маңызын жан-жақты талқылайды.

Аталған іс-шара жас ұрпақ санасында ұлттық рух пен тарихи жауапкершілікті нығайтатын маңызды рухани алаңға айналды.