Астанада 21-22 наурыз күндері Наурыз мейрамы аясында қандай іс-шаралар өтеді

Астанада 21-22 наурыз күндері Наурыз мейрамы аясында қандай іс-шаралар өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада 21-22 наурыз күндері Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтіледі.  Бұл күндері негізгі ауқымды іс-шаралар елорданың басты алаңдарында өтеді. Бұл - қала әкімдігі алдындағы алаң, «Қазақ елі» монументі жанындағы алаң, «Астана Арена» стадионының автотұрағы, «Ататүрік» саябағы, Astana Music Hall автотұрағы және ЭКСПО аумағы, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Сонымен қатар, 21-22 наурыз күндері қаланың алты ауданының тұрғын алаптарында ересектер мен балаларға арналған интерактивтері бар концерттік бағдарламалар өтеді.

Негізгі мерекелік алаңдарда фуд-корттар мен ұлттық тағам және қолөнер бұйымы сатылатын жәрмеңкелер жұмыс істейді, шеберлік сабақтары мен ұлттық дәстүрдің көрсетілімдері ұйымдастырылады. Белсенді демалысты ұнататындар үшін қазақ күресі, садақ ату, гір спорты, қол күрес, асық ату бойынша жарыстар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлық табысталады.

Мерекелік алаңдарда астаналықтар алғаш рет роботтар мен жасанды интеллект элементтері бар ерекше интерактивті аймақтарды тамашалайды. Мұнда келушілер цифрлық даму қарқынын өздері сынап көріп, технологиялармен ойнап, инновациялардың ұлттық дәстүрлермен қалай үйлесетінін көре алады.

Қаланың алты ауданының негізгі локацияларында театрландырылған қойылымдар, жарқын анимация және қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттер өтеді.

Есіл ауданында дәстүрлі түрде негізгі орталық ЭКСПО аумағы болады. Мұнда 20-22 наурыз аралығында ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.

Бұл күндері таңғы сағат 10:00-ден бастап барлық алаң жұмыс істейді, оның ішінде заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған алты тақырыптық киіз үй орнатылады. Бірінші киіз үйде интерактивті дисплейі бар жасанды интеллект аватары болады. Екінші және үшінші киіз үйлерде қонақтар VR-көзілдірік арқылы виртуалды әлемге ене алады. Төртінші киіз үй «Заң мен тәртіп» тақырыбына арналмақ, онда робот-ит, дрон-полицей көрсетіліп, «Тазабек» кейіпкері жұмыс істейді. Бесінші киіз үйде ерекше қажеттіліктері бар адамдар жасаған өнімдер жәрмеңкесі өтеді, бұл инклюзияны қолдауға және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған кеңістік болады. Алтыншы киіз үйде қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қонақтар халық шеберлерінің бұйымдарымен таныса алады.

Сағат 10:00-ден бастап жасанды интеллект көмегімен арнайы төрешілері бар спорт іс-шаралары өтеді.

ЭКСПО аумағы ұлттық этно-стильде безендіріліп, тайқазан, шаңырақ, қобыз және басқа да мәдени элементтер қойылады. Биыл безендіру 9 метрлік «Келіншек» композициясымен, сондай-ақ «Алаша тоқу» және «Арба» тақырыптық инсталляцияларымен толықтырылады.

21 және 22 наурыз күндері сағат 13:00-ден бастап басты сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер басталады.

ЭКСПО аумағында фотобудкалар мен алтыбақандар орнатылады.

21 наурыз күні сағат 14:00-де Халықаралық көрме орталығында (Мәңгілік ел даңғылы, 53/1) «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесі ашылады. Оған отандық өндірушілер қатысып, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары мен қатысушыларының өнімдері ұсынылады.

Қонақтарға арнап концерт, Наурыз көжеге толы үлкен қазан және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Көрме орталығында фотоаймақтар мен ұзындығы 12 метрлік LED-туннелі бар интерактивті кеңістік ашылады.

Орталық залда сахна, «Жеті қазына» экспозициясы және қызғалдақтар көрмесі орналастырылады. Сондай-ақ Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі мен ұлттық спорт ойындары өтеді.

Келушілер қазақ күресі, асық ату, садақ ату, арқан тарту және басқа да жарыстарға қатыса алады.

Балалар үшін шеберлік сабақтары, шығармашылық жұмыстар мен ойын аймақтары бар арнайы арт-кеңістік ұйымдастырылады.

Іс-шаралар 22-23 наурыз күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады.

Есіл ауданында 21 наурыз күні сағат 12:00-де Пригородный тұрғын алабында (Арнасай көшесі, 127, №24 мектеп) мерекелік бағдарлама өтеді. Сонымен қатар киіз үй тігіледі. 22 наурызда сағат 12:00-де «Бағыстан» тұрғын кешенінде (Е-117 көшесі, 37-үй) концерт өтеді.

Нұра ауданында 21 және 22 наурыз күндері негізгі мерекелік орын «Астана Арена» стадионының маңайы болады.

Таңғы сағат 10:00-ден бастап «Digital Nauryz» тақырыбында алты киіз үй ашылады. Мұнда карусельдер, ұлттық стильдегі фотоаймақтар, жасанды интеллект арқылы ұлттық киімдерді «киіп көру» мүмкіндігі ұсынылады. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілер жәрмеңкелері өтеді. Сағат 13:00-де сахнада эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

22 наурызда сөйлеу және интеллект дамуын диагностикалау, сондай-ақ Наурыз тақырыбындағы интерактивті голограмма ұсынылады.

21 наурызда Үркер тұрғын алабының тұрғындары «Айғыржал» гүлзары аумағында жәрмеңкеге қатысып, концертті тамашалай алады. 22 наурызда осындай бағдарлама «Жағалау» скверінде өтеді.

Сарайшық ауданында іс-шаралар өтетін негізгі орталық «Қазақ елі» алаңы болады.

21 наурыз күні сағат 10:00-де мерекелік іс-шаралар басталады, ал 22 наурыз күні сағат 11:00-де ауқымды бағдарлама жалғасады. Мұнда келушілер түйелер керуенін көріп, қазақиың салт-дәстүрімен танысып, ерекше фотосуреттер түсіре алады. Сонымен қатар гуманоид робот пен робот-ит көрсетіледі.
Мәдени бағдарлама аясында «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері концерт және ұлттық сән көрсетілімін ұсынады.

Сағат 16:00-де жарыс жеңімпаздары марапатталып, 16:30-да үлкен концерт басталады.

21 наурыз күні кешкі 20:00-21:00 шамасында дрондар шоуы өтеді.

22 наурызда сағат 11:00-де «Қошқар көтеру» ойынына қатысушылар тіркеледі.

Сонымен қатар 21-22 наурыз күндері сағат 12:00-де келесі тұрғын алаптарда мерекелік іс-шаралар өтеді:
• Өндіріс – 21 наурыз;
• Интернациональный – 22 наурыз;
• Мичурино – 22 наурыз;
• Күйгенжар – 22 наурыз;
• Отау – 22 наурыз.

21 наурыз күні сағат 11:00-де «Bravo Family» тұрғын үй кешенінде және 12:00-де Жұмысшы мамандықтар аллеясында концерттер мен ұлттық ойындар өтеді.

Байқоңыр ауданында 21-22 наурыз күндері негізгі іс-шаралар «Ататүрік» саябағында өтеді. Таңғы сағат 10:00-де іс-шаралар басталады.

Мұнда «Digital Наурыз» интерактивті аймағында қонақтар жасанды интеллект көмегімен ұлттық киімде цифрлық портрет жасап, QR-код арқылы жүктей алады. Сондай-ақ «Наурызай» және «Наурызбек» AI-кейіпкерлері мереке туралы ақпарат береді. VR-аймақ та жұмыс істейді. Қонақтарға арналған «Берекелі асхана» және «Дәм мен дәстүр» этно-киіз үйлерінде ұлттық тағамдар ұсынылады.

21 наурыз күні сағат 12:00-де бірнеше жас жұптың қатысуымен «Наурыз тойы» дәстүрлі үйлену рәсімі өтеді. Жастарға ақсақалдар бата беріп, «шашу» рәсімі жасалады.

Сағат 13:00-де концерт басталады.

Сондай-ақ «Қаламгерлер» аллеясында 21 наурыз күні сағат 12:30-да концерттер, балаларға арналған ойын-сауық және ұлттық спорт жарыстары өтеді.

21-22 наурыз күндері Байқоңыр ауданында ашық аспан астындағы концерттер әртүрлі тұрғын алаптарда өтеді.

Алматы ауданында негізгі орындар – Astana Music Hall автотұрағы, «Жерұйық» саябағы және Теміржолшылар алабындағы Маяковский сквері.

Astana Music Hall алаңында сағат 10:00-ден бастап іс-шаралар, ал 13:00-де концерт басталады. Мұнда «Digital Nauryz» цифрлық аватары бар киіз үй жұмыс істейді. Сондай-ақ VR-көзілдірік арқылы виртуалды әлемге енуге болады.

22 наурызда «Face of Nauryz» жобасы ұсынылады – жасанды интеллект арқылы келушінің бейнесін ұлттық стильдегі цифрлық картинаға айналдырады. Сонымен қатар робототехника негізіндегі интерактивті асық ату ойыны ұйымдастырылады.

22 наурыз күні сағат 11:00-де «Жерұйық» саябағында мереке басталып, 12:00-де концерт өтеді. Мұнда төрт тақырыптық киіз үйде ұлттық мәдениет көрсетіледі.

Теміржолшылар тұрғын алабында 11:00-де мереке басталып, 12:00-де концерт жалғасады.

Сарыарқа ауданында 21-22 наурыз күндері қалалық алаңда таңғы 10:00-ден бастап үлкен мерекелік іс-шара өтеді, концерт 12:00-де басталады.

Мұнда VR-аймақ, роботтар және фотобудкалар болады. Алаңда биіктігі 10 метр «Сарыарқа әже» мүсіні орнатылады.

Сағат 11:00-де қазақ күресінен жарыстар өтеді (82 және 100 кг). Жеңімпаздарға тұрмыстық техника түріндегі сыйлықтар беріледі. 21 наурыз күні сағат 11:00-де «Наз» театры маңында, 22 наурызда Қорғалжын скверінде және «Формула успеха» тұрғын үй кешені жанында концерттер өтеді.

Айта кетейік, «Наурызнаманың» онкүндігі аясында қалада 200-ден астам іс-шара өтіп жатыр.