Астанада 2027 жылы үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді
Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясы мен Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитеті туристік операторлармен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада өткен жұмыс кездесуіне Қазақстанның туристік операторлары мен туризм саласының өкілдері қатысты. Жиында халықаралық туристік ынтымақтастықты дамыту, туристік пакеттерді қалыптастыру, шетелдік қонақтарды тарту және чемпионат аясындағы сервистік қызметтерді ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astana 2027 әлем чемпионаты әлемнің үздік спортшыларын, халықаралық делегацияларды, жанкүйерлерді, спорт және бизнес индустриясы өкілдерін, сондай-ақ Азия, Еуропа және өзге өңірлерден келетін туристерді біріктіретін ірі халықаралық алаң болмақ. Іс-шараға 1 500-ден астам ресми делегаттың, мыңдаған шетелдік жанкүйерлердің қатысуы күтіліп отыр. Сондай-ақ Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері мен Таяу Шығыс мемлекеттерінен жоғары туристік ағын болжануда.
Чемпионаттың Орталық Азияда алғаш рет өткізілуі тарихи маңызға ие оқиға ретінде бағалануда.

Туристер мен жанкүйерлер үшін арнайы туристік пакеттер әзірленеді. Олардың құрамына матч билеттері, қонақүйде орналастыру, трансфер қызметтері, Астана қаласы бойынша экскурсиялар, сувенирлік өнімдер және мәдени бағдарламалар енгізіледі. VIP-қонақтар үшін жоғары деңгейлі сервис, арнайы аймақтарға қолжетімділік, ресми іс-шараларға қатысу және әуежайдағы арнайы қызметтер қарастырылған.
Сонымен қатар, спортшылармен фан-кездесулер, арнайы бағдарламалар мен эксклюзивті іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Ынтымақтастық аясында Ұйымдастыру комитеті туристік серіктестерге ресми билет квотасын ұсыну, туристік пакеттер қалыптастыру мүмкіндігі, чемпионаттың ресми туристік серіктесі мәртебесі, ресми символиканы пайдалану құқығы, сондай-ақ маркетингтік және ақпараттық қолдау көрсету тетіктерін таныстырды.
Өз кезегінде туристік операторлар халықаралық нарықта туристік пакеттерді қалыптастырып, оларды ілгерілету, клиенттерге логистикалық сүйемелдеу ұйымдастыру және өз елдері мен өңірлерінде чемпионатты насихаттау жұмыстарын жүзеге асырады.

Мұндай бірлескен бастамалар Astana 2027 чемпионатының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттырып, Қазақстанның туристік әлеуетін күшейтуге және шетелдік қонақтар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионаты халықаралық спорттық оқиғалардың бірі ғана емес, сонымен қатар халықаралық туризмді дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның әлемдік аренадағы оң имиджін ілгерілетуге бағытталған маңызды алаң болмақ.