«Астана – Талдықорған» бағытында теміржол маршруты іске қосылады

Бүгін, 09:23
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Астана – Талдықорған» бағытында теміржол маршруты іске қосылады
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрлігі «Астана – Талдықорған» бағыты бойынша жаңа теміржол қатынасының іске қосылатыны туралы мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңа бағытты ашу Парламент Мәжілісінің депутаттарының бастамасымен, Көлік министрлігі және Ұлттық тасымалдаушы — «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында, сондай-ақ, азаматтардың көптеген өтініштері ескеріле отырып жүзеге асырылды.

Аталған бағытты іске қосу елорда мен өңірлер арасында жайлы, қауіпсіз және тұрақты теміржол қатынасын қалыптастыруға бағытталған.

Бастапқы кезеңде ұлттық тасымалдаушы тарапынан екі жолаушылар вагоны бөлініп, олар №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында күн ара қатынайды.

Ақтоғай станциясында аталған вагондарды №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына қайта тіркеу көзделген, бұл бүкіл маршрут бойымен үздіксіз әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етеді.

Көлік министрлігі бұл формат бастапқы кезең екенін атап өтеді. Тұрақты жолаушылар сұранысы қалыптасқан жағдайда вагондар саны мен қатынау жиілігі кезең-кезеңімен ұлғайтылады, бұл маршрутты халықтың қажеттіліктеріне икемді түрде бейімдеуге мүмкіндік береді.

Жаңа теміржол қатынасының ашылуы:
   • өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға; 
   • тұрғындардың мобильділігін арттыруға;
   • ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті дамытуға; 
   • Жетісу облысының туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. 

Пойыздың қатынауы осы жылдың сәуір айына жоспарланған және Талдықорған қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалының салтанатты ашылуына орайластырылады. Жаңартылған вокзал инфрақұрылымы жолаушылар үшін қызмет көрсету, жайлылық және қауіпсіздік деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмалары мен көлік саласының стратегиялық басымдықтарына сәйкес жолаушылар тасымалының маршруттық желісін дамыту, жылжымалы құрамды жаңғырту және көлік қызметтерінің сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

Бұған дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ 60 жастан асқан жолаушыларға арналған жаңа жеңілдікті іске қосқанын жаздық.