Астана әкімдігінің медициналық платформасы AI Governance Cup байқауының аталымында үздік атанды

Астана әкімдігінің медициналық платформасы AI Governance Cup байқауының аталымында үздік атанды
Фото: Ақорда

Астана әкімдігінің медициналық тексеру платформасы AI Governance Cup байқауының «AI Әлеуметтік саясат» аталымында үздік атанды. Марапатты Мемлекет басшысының қолынан Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.   

Астанада, alem.ai орталығының алаңында AI Governance Cup алғашқы ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биыл наурыз айында басталған жоба финалының марапаттау рәсімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, байқауға қатысу үшін мемлекеттік органдардан, квазимемлекеттік сектор ұйымдарынан және әкімдіктерден барлығы 184 өтінім түсті. Комиссия құрамына қазақстандық және халықаралық сарапшылар, соның ішінде ҚР Президенті жанындағы ЖИ дамыту жөніндегі кеңес мүшелері кірді. Байқауға әлемдік деңгейдегі сарапшылардың: Sinovation Ventures негізін қалаушы Кай-Фу Ли мен Стэнфорд университетінің профессоры Питер Норвигтің қатысты. 

Іріктеу қорытындысы бойынша ауқымын кеңейтуге дайындығын және нақты әлеуметтік әсерін көрсеткен алты номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Үздік ЖИ-шешімдер байқауында мемлекеттік органдар арасынан Ішкі істер министрлігі («AI Қауіпсіздік» аталымы бойынша), Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі («AI Экономика»), Астана қаласының әкімдігі («AI Әлеуметтік саясат»), Ақмола облысының әкімдігі («AI Өңір»), Қарағанды облысының әкімдігі («AI Азаматтарға қызмет») және «KEGOC» АҚ («AI Квазимемлекеттік сектор») топ жарды», делінген Ақорданың хабарламасында.

Астана қаласының әкімдігі «AI Әлеуметтік саясат» секциясында жасанды интеллект негізіндегі медициналық тексеру платформасы үшін марапатқа ие болды. Бұл платформа әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілердің комиссиядан өту мерзімін 75%-ға қысқартты.

Конкурс ұйымдастырушылары Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.