Астана қаласы 2026 жылы қандай ірі спорттық шараларды қабылдайды

Астана қаласы 2026 жылы қандай ірі спорттық шараларды қабылдайды
Фото: Василий Крась

Республика бойынша халықаралық жарыстарды ең көп қабылдайтын елордамыз келесі жылы да біршама жарыстардың қожайыны болмақ, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жеңіл атлетикадан Silver Label жарысы (24-25 қаңтар)

Елордадағы  «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде жеңіл атлетикадан дәстүрлі ASTANA INDOOR MEET FOR AMIN TUYAKOV PRIZES халықаралық турнирі өтеді.

Байрақты бәсекеге Олимпиада және әлем чемпиондары қатысады деп күтілуде.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Мәнерлеп сырғанаудан Этери Тутберидзенің мұз шоуы (1 мамыр)

Астана қаласындағы Barys Arena мұз сарайында алғаш рет Ресейдің әлемдік жұлдыздары өнерлерін көрсетеді. Олардың  қатарында Пхёнчхан қысқы Олимпиадасының чемпионы Алина Загитова, 2 дүркін әлем чемпионы Евгения Медведева, Бейжің қысқы Олимпиадасының күміс жүлдегері Александра Трусова, Милан-2026 қысқы Олимпиадасының басты фавориттері Пётр Гуменник пен Аделия Петросян сынды спортшылар бар.

Фото: Барыс Арена

Дзюдодан Grand Slam турнирі (8-10 мамыр)

Астанада төртінші мәрте «Qazaqstan Barysy Grand Slam» дзюдодан әлемдік рейтингтік турнир өтеді. Жарысқа 50-ге жуық елден спортшы келуі мүмкін.

Astana Half Marathon 2026 (маусым)

Жүгіруден қала тұрғындарының арасындағы ең беделді бұқаралық жарыс саналатын бәсеке дәстүрлі түрде жалғасады. 2025 жылы 8 мыңдай адам тіркеліп, рекорд жаңарған болатын.

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Бокстан Elorda Cup халықаралық турнирі (шілде)

Астана күніне орай өтетін дәстүрлі турнирге жыл сайын әлемнің үздік боксшылары келеді. 2025 жылы осы турнирдің орнына World Boxing ұйымының әлем Кубогы кезеңі өтті.

Болашақ ойындары (18 шілде - 1 тамыз)

Жүлде қоры 10 млн АҚШ долларын құрайтын бәсекеге әлемнен 2000-ға жуық спортшы келеді. Олар Phygital Football, Phygital Fighting, Phygital Basketball, Phygital Dancing, Phygital Hockey, Phygital Shooter, Phygital Battle Royale, MOBA, Phygital Drone Racing, Battle Bots, Phygital Boxing, Cybathletics сынды 13 дисциплинада жүлдеге таласады.

Таеквондодан Kazakhstan Open халықаралық жарысы (тамыз)

Таеквондодан екінші рет 20-дан астам елдің басын қосатын халықаралық жарыс. Қазақстан атынан ұлттық құраманың спортшылары сынға түседі.

Жүзуден Silk Road-2026 атты әлем Кубогының кезеңін алғаш рет қабылдайды (15-17 қазан)

Астана қаласында алғаш рет әлем Кубогының шешуші кезеңі «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Жалпы Әзербайжан, Өзбекстан мен Қазақстандағы әлем Кубогының кезеңдеріне 50-ден астам елден 750 спортшы сынға түседі деп жоспарланған.