Референдум-2026

Астана күнінде «Өнермен нұрланған асқақ Астана» фестивалі өтті

Астана күнінде «Өнермен нұрланған асқақ Астана» фестивалі өтті
Фото: Сұлтан Сейітов

Астана күніне орай елордадағы қалалық Достық үйінің алаңында «Өнермен нұрланған асқақ Астана» атты мерекелік фестиваль өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Фестиваль аясында сахна төрінде шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, ұлттық ән мен биден шашу шашты. Әртүрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрі тоғысқан мерекелік алаң көпшілікті бірлік пен достықтың, өзара құрметтің құндылығын сезінуге үндеді.

Фестиваль барысында Астана қаласы Достық үйі басшысының орынбасары Камета Ибраева фестивальдің маңызына тоқталып, мұндай мәдени бастамалардың қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Бүгін Астана күніне орай ұйымдастырылған «Өнермен нұрланған асқақ Астана» фестивалі –елордамыздағы бірлік пен татулықтың жарқын көрінісі. Бұл іс-шараның басты мақсаты – Қазақстанды мекендеген түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен өнерін насихаттап, олардың арасындағы достық пен өзара құрметті нығайту. Бүгінгі мерекеде шығармашылық ұжымдар өнерлерін паш етіп, қонақтар ұлттық қолөнермен, салт-дәстүрлермен танысып, түрлі шеберлік сағаттарына қатысуға мүмкіндік алды. Осындай мәдени бастамалар қоғамдағы келісімді бекемдеп, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен үлес қосады. Барша елорда тұрғындары мен қонақтарын Астана күнімен құттықтаймын. Елімізде әрдайым бейбітшілік, бірлік пен береке салтанат құрсын», – деді Камета Ибраева.

Фестивальде Қазақстан халқының этномәдени бірлестіктері өз өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олардың репертуарында әр этностың ұлттық нақышын танытатын шығармалар орындалып, көпшілік мәдениеттер үндестігі ерекше көрініс тапты.

Өзбек ұлтының өкілі, Jason’s.kz ансамблінің солисі Шахноза Хамидова мұндай мерекелердің этностарды жақындастырып, өзара түсіністік пен сыйластықты арттырудағы маңызын атап өтті.

«Бүгін Астана күні осындай керемет мерекелік шарада өнер көрсетіп жатқаныма өте қуаныштымын. Баршаңызды Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай фестивальдер әртүрлі этнос өкілдерін жақындастырып, достығымызды одан әрі нығайтады. Біз бір-біріміздің мәдениетімізбен, салт-дәстүрлермен танысып, жаңа достар тауып, тіпті өзге тілдерді үйренуге мүмкіндік аламыз. Мұндай іс-шаралар еліміздегі бірлік пен татулықтың жарқын көрінісі деп ойлаймын», – деді өзбек ұлтының өкілі, Jason’s.kz ансамблінің солисі Шахноза Хамидова.

«Өнермен нұрланған асқақ Астана» фестивалі Астана күніне арналған мерекелік бағдарламаның мазмұнын байытып қана қойған жоқ. Ол елорданың көпұлтты келбетін, түрлі мәдениеттердің өзара үндестігін және Қазақстандағы бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің өміршең құндылық екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.