"Әр адам өзін мазалаған сұраққа жауап тапты деп ойлаймын”: депутат Президент сұхбаты туралы

5 қаңтар, 2026
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
"Әр адам өзін мазалаған сұраққа жауап тапты деп ойлаймын”: депутат Президент сұхбаты туралы
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Turkistan»газетіне сұхбатын оқығанын, қоғамдағы бірнеше маңызды мәселелерге жауап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сұхбаты шығыпты. Бір деммен оқып шығып, бірнеше қызық ақпаратқа көңіл бөлдім. Менің ойымша, қазіргі қоғамды, Қазақстан халқын және жалпы белсенді азаматтарды толғандырып жүрген сұрақтарға жақсы жауап болды", - дейді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сұхбаты жыл бойы қоғам арасында жиналған сұрақтарға берілген жауап болды.

"Әр сала, әр топ, әр адам - өзінің іздеген, өзін мазалаған сұраққа жауап тапты деп ойлаймын.
Кәсіпкерлерге Қазақстан үшін жұмыс істеу туралы месседж жіберілді, “Халық болмаса - олар да болмайтынын” Президент жақсы жеткізді. Тәуелсіздіктің басында капитал жинаған іскер азаматтардың да Қазақстанға борыштар екенін Қасым-Жомарт Тоқаев ашық айтты. Бұл Президенттің бизнес-эстеблишментке айтылған алғашқы сөзі емес.
Қаңтар оқиғасын да Президент еш бүркемей, жақсы айтты. Кейбір құзырлы органдардың басшылығы сатқындық, опасыздық жасады. Талай азаматтар соққыға жығылып, зорлық-зомбылыққа душар болды. Дүкендер мен сауда орталықтары тоналды. Президент кейбір “мысықтілеу” жандардың Қаңтар оқиғасының осы жақтарын айтпай қалатынына қынжылғандай көрінді.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге барған сапары туралы да Президентіміз өте жақсы айтты", - дейді Самат Нұртаза.

Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.