AMANAT партиясында «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды

AMANAT партиясында «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды
Фото: AMANAT партиясы

AMANAT партиясында Ұлттық кітап күніне орай «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Үш өңірде – Шымкент қаласында, Қарағанды және Қостанай облыстарында пилоттық жоба аясында 8 айда жалпы саны шамамен 2 млн кітап оқыған 190 мыңға жуық адам қамтылды. Іс-шараға Мәжіліс Спикері, AMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, сондай-ақ танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және жоба жеңімпаздары қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараны аша отырып, Ерлан Қошанов «Кітап оқитын ұлт» жобасы Мемлекет басшысының қоғамда кітап оқу идеясын ілгерілету жөніндегі бастамасын жүйелі жүзеге асыру жұмысы аясында қолға алынғанын атап өтті. Партияның ауқымды зияткерлік-ағартушылық жобасы тұрғындар арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа форматты – кітап оқу марафонын енгізді.

«Қазір 23 сәуірді – Ұлттық кітап күнін ел болып атап өтуді игі дәстүрге айналдырдық. Сонымен қатар, бүгін Президент халқымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, алдағы екі аптада оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы Жарлыққа қол қоятынын айтты. Кітап оқитын ұлтқа айналу – мемлекеттің мәдени-рухани өркендеуінің төте жолы. Кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеу – елдің интеллектуалдық капиталына салынған ең тиімді инвестиция. «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы осы мақсатты көздейді. Жобаның басты миссиясы – елімізді әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына қосу», – деді партия Төрағасы.

Мәжіліс Спикері соңғы уақытта елімізде, әсіресе шалғай елді мекендерде көп кітапхана жөнделіп, жаңадан ашылғанын атап өтті. Олар үнемі жаңа кітаптармен толықтырылып отырады. Соның нәтижесінде былтыр кітапханаларға барушылар саны 57 миллионға жетіп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға артқан. Назар аударарлық жайт, еліміздегі әрбір үшінші оқырман – бала. Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапханалар ашылады. Жыл санап кітап сатып алушылар қатары да артуда. Онлайн кітап сатылымы 50%-ға өсті. Сонымен қатар қаламгерлердің шығармашылықпен айналысуына және кітаптарын басып шығаруға жағдай жасалуда. Мәселен, ұлт әдебиетіне еңбегі сіңген қаламгерлерге берілетін «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайтарылып, авторлық қаламақы мәселесі де шешімін тапты.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов AMANAT партиясының әдебиет пен руханият саласын қолдау бағытындағы жүйелі жұмысы мен бастамаларына тоқталды. Атап айтқанда, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдары 150 мәдени нысан салынды және 755 нысан күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар партия кітапханашылардың жалақысын көтеру жөніндегі сайлауалды уәдесін орындады. Бұдан бөлек, Мәжілістегі партия фракциясы депутаттарының бастамасымен жаңа Салық кодексінде отандық баспалар қосылған құн салығынан босатылды. Бұл қадам оқырмандар үшін кітаптың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Партия жыл сайын жас авторлар арасында «Ұлы дала» шығармашылық байқауын өткізіп, үздік журналистерді «AMANAT медиа сыйлығымен» марапаттайды. Бұған қоса, «Кітап-AMANAT» жобасы белсенді жүзеге асырылып келеді. Оның аясында ел аумағындағы партия филиалдары жанында 24 кітап орталығы жұмыс істеп тұр. Осындай іс-шаралар арқылы азаматтар арасында оқу мәдениеті қалыптасып, кітапқа деген құрмет арта түсуде.


«Кітап оқитын ұлт» жобасы 2025 жылы қыркүйекте пилоттық режимде еліміздің үш өңірінде – Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында бастау алды. Байқау 6 бағыт бойынша өткізілді – «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын мектеп» және «Кітап оқитын педагог». Сарапшылар әр бағыт бойынша қазақ және орыс тіліндегі 15 кітаптан тұратын тізім әзірледі. Оларды барлық қатысушы оқуға тиіс болды. Кейін осы кітаптар негізінде викториналар, дебаттар, эссе байқаулары және зияткерлік квиздер өткізілді. Тізімге «Қазақстан әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы аясында іріктелген шығармалар, сондай-ақ әлемдік деңгейде мойындалған бестселлерлер енді.

Іріктеу барысы кезең-кезеңімен өтті. Ең алдымен, оқу орындары мен мемлекеттік органдар деңгейінде, кейін аудандық және қалалық кезеңдерде жалғасып, финалистер облыстық деңгейде бақ сынады. Нәтижесінде барлық алты номинация бойынша әрбір үш өңірден екі жеңімпаз команда анықталды – біреуі қазақ тілінде, екіншісі орыс тілінде. Байқауда барлығы 462 адам жеңімпаз атанды. Оның 156-сы – бірінші орын иегерлері. Олардың бәріне алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Іс-шара барысында аймақтардағы жоба менеджерлері де назардан тыс қалған жоқ.  

Ерлан Қошанов елімізде оқу мәдениетін одан әрі дамытуға бағытталған партияның жүйелі жұмысы жалғасатынын атап өтті. Ол жобаға қатысқан барша азаматқа және серіктестерге бастаманы жүзеге асыруға елеулі үлес қосқандары үшін ризашылығын білдіріп, бұл салада мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктірудің маңызын атап өтті.