Алты павлодарлық қаза тапқан оқиғаны тексеру: Компания 100 пайыз кінәлі

Алты павлодарлық қаза тапқан оқиғаны тексеру: Компания 100 пайыз кінәлі
Фото: magnific.com

Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» ЖШС-нда алты жұмысшының қаза болған жазатайым оқиғаны арнайы тексеру аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында жұмысшының бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланғаны анықталды. Оған көмек көрсетуге ұмтылған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен. Бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы уланып қаза тапты.

«Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау жөніндегі тиісті оқудан өтпегенін және қажетті жеке қорғаныш құралымен қамтамасыз етілмегенін анықтады.
Сонымен қатар кәріз құдығындағы жұмысты ұйымдастыру кезінде, оның ішінде авариялық жағдай туындаған және құтқару жұмыстары жүргізілген кезде қауіпсіздіктің қажетті деңгейі қамтамасыз етілмеген», делінген хабарламада.

Үкімет комиссиясының қорытындысы бойынша жұмыс беруші – «Aqtogai Milk» ЖШС-ның кінәсі 100 пайыз деп белгіленді. Арнайы тексеру нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары айқындалып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ анықталған кемшілікті жою және алдағы уақытта осындай жағдайға жол бермеу жөнінде ұсыным әзірленді.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Павлодар облысының және басқа да өңірлердің жұмыс берушілерін қауіптілігі жоғары жұмысты, оның ішінде құдық, резервуарда және басқа да жабық кеңістікте жүргізілетін жұмысты қауіпсіз ұйымдастыруға ерекше назар аударуға шақырады.
Жұмысшыны қажетті жеке қорғаныш құралымен қамтамасыз етуге, оларды жұмысты қауіпсіз орындау әдісіне тиісті деңгейде оқытуға, сондай-ақ авария туындаған кездегі іс-қимылға және құтқару жұмысын жүргізуге дайындауға ерекше көңіл бөлу қажет», - еп мәлім етті министрлік.

Еске сала кетсек, шілде айының соңында Ақтоғай ауданы Жоламан ауылындағы ЖШС аумағында алты ер адам өмірқышқыл газына уланып қаза тапқан еді.