Алматыда пойызда 50-ден астам адам уланды: балалар жансақтау бөлімінде

11 желтоқсан, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Алматыда пойызда 50-ден астам адам уланды: балалар жансақтау бөлімінде
Фото: freepik.com

Алматыда пойызда көміртек тотығымен улану оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 52 адам зардап шекті. Олардың қатарында балалар да бар, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға орнына 13 жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді.

«Зардап шеккендердің саны 52 адам, оның ішінде балалар. Зардап шеккендердің барлығы тексерілу және қажетті медициналық көмек алу үшін қалалық ауруханалардың жедел жәрдем бөлімшесіне жеткізілді. Тексеру нәтижелері бойынша 10 бала ауруханаға жатқызылды, оның екеуі реанимация бөлімшесінде, қалғандары бейінді бөлімшелерде. Қалған пациенттер тексеруден және көмек көрсетуден кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық емделуге жіберілді. Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Олардың барлығы медициналық көмектің қажетті көлемімен қамтамасыз етілген», - деп жазылған Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарламасында.

Сондай-ақ осыған қатысты «Қазақстан Темір Жолы» АҚ түсініктеме берді.

«Алматы-2 теміржол вокзалында тіркелген көміртек тотығымен улану фактісі туралы тараған ақпаратқа байланысты келесіні хабарлаймыз. Аталған оқиғаға ұлттық тасымалдаушының қатысы жоқ. Улану жағдайы анықталған пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның қарауында емес. Бұл құрам жекеменшік тасымалдаушыға тиесілі. Вагондар киностудияға түсірілім өткізудің мақсатында берілген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын тиісті органдар анықтап жатыр», - деп жазылған «Қазақстан Темір Жолы» АҚ мәліметінде.

Бұған дейін Астана вокзалында бір адамды пышақтаған күдікті ұсталғанын жаздық.