Алматы облысында мал ұрлықшылары тобы ұсталды
Еңбекшіқазақ ауданында полиция қызметкерлері адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған мал ұрлығының бірқатар дерегін ашты, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақши ауылының 20–25 жас аралығындағы төрт тұрғыны анықталып, ұсталды. Олар малды заңсыз атып, кейін етін бөлшектеп, қылмысты жасыру мақсатында етін әкету әрекеттерін жасады деген күдікке ілінді. Күдіктілер қамауға алынды», - деген мәлімет берді полиция қызметкерлері.

Тергеу барысында аталған заңсыз әрекеттер жергілікті тұрғындар арасында кең қоғамдық резонанс тудырғаны анықталды. Тінту жүргізу кезінде Ақши ауылының үйлерінің бірінен аңшылық қару және бөлшектелген жылқының еттері табылып, тәркіленді. Айғақ заттар қылмыстық істің материалдарына тіркеліп, ет заңды иесіне қайтарылды.

«Жәбірленушілер полиция қызметкерлерінің жедел жұмысына ризашылықтарын білдіріп, құқық қорғау органдарына алғыстарын жеткізді. Аталған қылмыстық істің тергелу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Астанада көлігінің мемлекеттік нөмірін техникалық маймен әдейі жасырып қойған жүргізушінің ұсталғаны туралы жаздық.