Әлем чемпионаты: Тең ойын түске кіретін кезең!
Футболдан әлем чемпионатында топтық ойындар аяқталды. Енді шешуші кезең — тең ойындар түске кіретін кезең басталды!
Чемпионаттың 1/16 финалындағы жұптар мыналар:
...Кейбіреулер, тіпті көп шолушылар: «Енді чемпионаттың қызықты ойындары басталады!» деп алақандарын ысқылап отыр. Мен ол ойлармен келіспес едім. Әлемдегі бар елдердің төрттен бірі қатысқан футбол чемпионатының топтық кезеңінен қызықты ештеңе жоқ!
Ештеңе белгісіз. Қай команданың қандай дайындықпен келгені өздеріне ғана аян. Біреуге су жақпайды, біреуге ауа жақпайды, біреуге командаласы жақпайды, біреуге бапкер жақпайды... Одан басқа да жақпайтын дүниелер жетерлік: Америка, Мексика, Канада секілді елдерді кезіп жүріп футбол ойнау қандай қиын?! Өзім бұрын куә болған «Испания-82», «Мексика-86», «Италия-90», «Франция-98» футбол чемпионаттары мынаған қарағанда ойыншық болатын. Ол чемпионаттарда әрбір команда тұрақты ойнайтын стадиондарын белгілеп алып, сол жерге шатыр тігіп, ары-бері автобуспен қатынайтын. Тек «Бразилия-2014» чемпионатында ғана баратын-келетін жерге құшақ жетпей, көп команда ұшақ сайлай бастады. Ол кезде чемпионатқа ресми аккредитация алсам да, еш жерде жұмыс істемейтін зейнеткер басым ұшақ біткенге қол бұлғап қана қойып, өзі барған бар қаласына автобуспен қатынағанда көрдім: Бразилияның ана шеті мен мына шетіне жай көлікпен жету қиямет-қайым екен. Ал мына үш елді бір-біріне жалғап (өздері ұзыннан-ұзақ боп қабырғаласқан ғой! – Н.Ж.) жіберіп, бір шетінен екінші шетіне шығып көр: ұшағыңның өзі мұрнынан қан кетіп әрең жетеді! Басқасы да жетіп жатыр: тышқанға мысық жау, Иранға АҚШ жау... дегендей.
Топтық кезеңдерде дәп солай болды-ақ. Әсіресе үшінші тур: «Оңтүстік Африка құрамасын сол аяқпен-ақ ұтып алады» деген Оңтүстік Кореяның аузы артынан шықты (0:1). Эквадор деген Оңтүстік Америкадағы алақандай елдің командасы әлемнің төрт дүркін чемпиондары Германияны тобықтан қақты (1:0). Құрамында таңдай қақтырар ойыншылары тізіліп тұрған Түркия алғашқы екі ойынында құм қауып қалса да, соңғы кездесуде Америка құрамасының аузын қанатып жіберді (3:2). Алжир Аустриямен, Иран Мысырмен тең тарқасты... Топтық ойындардың қызығы сонда: Уругвай, Оңтүстік Корея, Иран секілді аты белгілі командалар ауылына қайтқанда, 1/16 финалдың 32-сінің қатарына Оңтүстік Африка, Конго, қайдағы... Кабо-Верде деген командалар кіріп алды.
Алда чемпионаттың 1/16 финалдық ойындары. Мұнда екі команданың тартысты ойыны болғанымен, жоғарыдағы аспанның орнына жер шығып кететін қызықтар болмайды! Мұнда бәрі белгілі: ойнаған екі команданың бірі ұтады, бірі ұтылады. Мұнда тең ойын деген жоқ. Мүлдем болмай бара жатса, қақпашы сорлыны апандай қақпа аузына қойып қойып, қарсы команда ойыншылары кезек-кезек зеңбірекпен атқылайды! Бұл сәт қызықтан гөрі обалға жақын...
Жарайды, футболды мен ойлап тапқан жоқпын, өзгерісті де мен жасамаймын. Ендеше болары болып, бояуы сіңген 32-нің турнир кестесіне көз салайық:
Бұл 16 жұпта кімнің кімді жеңетінін өздеріңіз анықтай беріңіздер. Бұл жерде менің айтқаным сіздерге дәрі болмайды. Футболы алға кеткен Бразилияда мынадай бір тәмсіл бар екен: «Бразилияда қанша футбол жанкүйері бар болса, Бразилия құрама командасының соншама варианты бар!» деген. Барлық жерде сол: ол 32 команданың арасындағы 16 ойынның нәтижесі әлем бойынша 1 000 варианттан кем болмас!
Мен басқа мәселені тілге тиек етпекпін. Бұл турнир сызығына аттары бір рет жазылған соң, оның екінші басына сұранып та, ақша беріп те бара алмайтын 16-лардың қайсысы қоржын басын басып тұр екен? Әрине, қоржынның тіке қарап тұрғандағы сол жақ басы! Онда — Германия да, Франция да, Нидерланд та, Марокко да, Португалия да, Хорватия да, Испания да, Бельгия да, Сенегал да бар! Құдай сақтасын, бұл жақтан бәрін жеңіп, финалға жеткенше ертерек өле қалған жеңіл ме дейсің. Қоржынның оң жақ екінші басында — Бразилия, Англия, Аргентина ғана бар! Оларға ұялғанымнан Мексиканы, Кот-д’Ивуарды, Норвегияны қосып отырмын!
Бұл дегеніміз өзге аты аталмаған командалар міндетті түрде шыбын теріп кетеді деген сөз емес. Мысалы — Кабо-Верде. Үш ойында да ұтылған жоқ, Испанияның өзімен тең түсті! Бірақ 1/16 финалда командалардың тең-теңімен түспеуінде бәрін бүлдіріп кеткен — чемпионатқа 48 команданың қатысуы! Бұл жағдайда ғасыр бойы өз міндетін швейцар сағаты секілді атқары келген «32-ден 16 команданың жарысты жалғастыруы» жүйесі бұзылды! Жарысқа 48 команда қатысқанда бұрынғыдай қоржынның екі басын тең қылып шығара алмайсың. Мысалы, бұл жолы Португалия ғана күтпеген жаққа кетіп қалды. Сонда да қоржынның сол басы оң жағын екі еседей басып тұр. Зерттеп қараңыздар: өз тобында екінші орын алған командалар 1/16 финалда тек екінші орын алған командалармен кездесіп жатыр! Ал мұндай жарыс шариғаты бойынша, тобында бірінші орын алған команда тобында екінші орын алған командамен, ал өз тобында екінші орын алған командалар үшінші орынмен шыққан командалармен ойнауы керек! Ондайды 48 команда қатысқан жарыста жасау мүмкін емес!!!
Бәрін айтқан соң да: «Чемпионатты кім жеңіп алады?!» деген сұрақ сопаң етіп шыға келеді. Менен сұрасаңыздар — Аргентина деп ала жейделілерді көрсетемін. Түк айтпаған адам ғана қателеспейді, айтқаным болмай бара жатса, пендемін ғой, тағы бір командаға жіп тағармын!
Несіп Жүнісбаев