Әкімшілік істер бойынша рақымшылық туралы бастама алғаш рет көтеріліп отыр
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар құқық бұзушылық бойынша рақымшылық жасау туралы бастама көтеріп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кеше Президент жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар құқық бұзушылық бойынша рақымшылық жасау туралы бастама көтерді.
Әкімшілік істер бойынша рақымшылық туралы бастама ел тарихында алғаш рет көтеріліп отырғанын атап өтемін.
Ішкі істер және Әділет министрліктері Бас прокуратурамен бірлесіп, екі апта ішінде рақымшылық жасау тетіктері бойынша егжей-тегжейлі ұсыныс енгізсін», - деп атап өтті Премьер-министр Үкімет отырысында.
Еске сала кетсек, кеше Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болатынын мәлімдеген еді.