Аида Балаева: Елімізде рәміздерге құрметті арттыруға бағытталған 4 мыңнан астам іс-шара өткізіліп жатыр

Аида Балаева: Елімізде рәміздерге құрметті арттыруға бағытталған 4 мыңнан астам іс-шара өткізіліп жатыр
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Осы күндері еліміздің барлық өңірінде мемлекеттіліктің басты атрибуттарына деген құрметті арттыруға бағытталған төрт мыңнан астам іс-шара өткізіліп жатыр. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтауында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, Елтаңба, Ту және Әнұран – мемлекеттігіміздің айқын белгісі, Қазақстанның егемен ел екенін бүкіл әлемге танытатын қасиетті құндылықтар. Президент көк байрағымызды қастерлеп, оны мақтанышпен желбірету және келер ұрпаққа аманат ету – баршамыздың қасиетті борышымыз екенін ерекше атап өткен болатын.

Бұл сөздер мемлекеттік рәміздердің әрбір қазақстандық үшін қаншалықты терең мәнге ие екенін көрсетеді. Рәміздер – жай ғана ресми атрибуттар емес. Оларда халқымыздың Тәуелсіздігі, жүріп өткен тарихи жолы, рухани құндылықтары, ел бірлігі мен Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімі көрініс тапқан. Туды, Елтаңбаны және Әнұранды құрметтеу – еліміздің тарихына, бүгінгі болмысына және келешегіне құрметпен қарау деген сөз», - деді Аида Балаева.

Оның пікірінше, мемлекеттік рәміздердің мәні жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы аясында айрықша арта түскен.

«Ата заң әділетті мемлекет, заң үстемдігі, азаматтық жауапкершілік және ұлттық бірлік қағидаттарын нығайтты. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік рәміздер – конституциялық құндылықтар мен халқымыздың тұтастығын айшықтайтын айқын белгі.

Мемлекеттік рәміздерге құрметпен әрі жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың парызы екенін ұмытпауымыз керек. Оларды пайдалану заң талаптарына, азаматтық мәдениетке және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарына сай болуы тиіс. Мемлекеттік рәміздерге салғырт қарауға, қорлауға немесе заңға қайшы әрекет жасауға жол берілмейді. Өйткені олар – Тәуелсіздігіміздің қастерлі нышандары.

Осы күндері еліміздің барлық өңірінде мемлекеттіліктің басты атрибуттарына деген құрметті арттыруға, азаматтардың патриоттық санасын нығайтуға және ұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған төрт мыңнан астам іс-шара өткізіліп жатыр», - деді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында белгілі рәмізтанушы, мәдениет қайраткері Талғат Мусаев Көк Ту мен Елтаңбаның қабылдану тарихы, қазіргі қоғамдағы орны және рәміздерді дәріптеудің өзекті мәселелері туралы айтты.