Абзал Әжіғалиевті жанкүйерлер Астана әуежайында қарсы алды
Италияда өткен ХХV қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев елге оралды. 21 ақпаннан 22 ақпанға қараған түні елорданың халықаралық әуежайында спортшыны жанкүйерлері, әріптестері мен жақындары ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бұл Абзалдың мансабындағы төртінші Олимпиада. Дүбірлі дода бұл жолы жанкүйерлер күткендей өрілмесе де, спортшы бар күш-жігерін сарқа жұмсады.

«Бұл Абзалдың төртінші Олимпиадасы. Өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай болмады. Дегенмен ол барын салды. Шорт-тректе бірде бап шабады, бірде бақ шабады. Бұл жолы сәттілік сәл жетіспеді. 500 метр Абзал үшін ең ыңғайлы, сүйіп жүгіретін қашықтық. Бейжің Олимпиадасынан кейін Абзал аздап үзіліс алып, қайта тыңғылықты жаттықты. Дайындығы жақсы болды», – деді Астана қаласының шорт-тректен бас бапкері Әсел Камешева.
Елге оралған Абзал Әжіғалиев өз әсерін бөлісті.

«Жанкүйерлердің осылай күтіп алғаны үлкен тосынсый болды. Мұндай қолдау спортшыға ерекше күш береді. Алда жоспар көп. Ел ішіндегі және Азия деңгейіндегі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтап, әлі де шыңдала түсуіміз керек. Канадада өтетін әлем чемпионаты бар, енді соған дайындаламыз», – деді спортшы.
Қысқы спорттың қарқыны қатты, бәсекесі биік. Олимпиада жолы тәжірибе мен төзім мектебі. Алдағы уақытта Абзалға сәттілік тілейміз!