Референдум-2026

Абай әлемі «Астана Опера» сахнасында қайта жаңғырады

Бүгін, 13:58
Думан Аманжол Думан Аманжол
Абай әлемі «Астана Опера» сахнасында қайта жаңғырады
Фото: «Астана Опера» театры

Елордалық «Астана Опера» театрында Абайдың рухына тағзым ету бір күннің аясында ғана шектелмей, ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау жұмысы театр ашылғалы бері жүргізіліп келе жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай Құнанбайұлының тұлғасын  «Астана Операмен» байланыстырған ең басты алтын көпір – М.Әуезовтің либреттосына А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы болды. Театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, А.Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев спектакльге жаңа өмір берді. Оның редакциясы уақыттың қатпарларын алып тастап, музыкаға бастапқы тазалығын қайтарды. 2012 жылы ол «Абайды» неміс көрермендерге таныстырды, спектакльдің «Астана Операдағы» премьерасы 2015 жылы өтті, ал 2018 жылы қойылым театрға ҚР Мемлекеттік сыйлығын алып келді.

Спектакль бойынша италиялық режиссер Джанкарло дель Монако, заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио және костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино сынды әлемдік деңгейдегі басқа да жұлдыздар жұмыс істеді. Олардың Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Операның» бас хормейстері Ержан Дәуітовпен, қоюшы режиссердің ассистенті Еренбақ Тойкеновпен бірлескен жұмысы көрермендерді Абайдың қайталанбас дәуіріне жетелейді. Әр жылдары театр қойылымды Өзбекстанда, Италияда және Ресейде таныстырды.

«Қалыптасқан дәстүрге сай биыл да ұжым өзінің XIV театр маусымын осы ғаламат спектакльмен ашқалы отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары қойылымды қатарынан екі күн, яғни 4-5 қыркүйекте тамашалай алады», - делінген хабарладма.

Театр қабырғасында Абайдың бай музыкалық мұрасын дәріптеуге арналған басқа да шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мәселен  2024 жылы  Үлкен зал сахнасында Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Толық адам. Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы зор жетістікпен таныстырылды. Моноопера авторы – Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбілов  үш блокты моноопераның әр бөлімін дана Абайдың өсиетімен үйлесімді жалғап отырды. Ақын тілегі ән болып қалықтап, жыр болып төгілді. Әрбір тақырып сахнада көрнекі бейнелермен толықтырылып, бұл моноопераның аудиторияға әсерін күшейте түсті. Кеш аяқталғаннан кейін көрермендер ұлы ақын шығармашылығының тұңғиығына бойлағандарын атап өтті. Белгілі опера әншісі осынау кеште дарынды пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты Әлияр Өтетілеумен бірге өнер көрсетті.

Бұдан бөлек, былтыр ақынның 180 жылдығына орай «Астана Операда» бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Оның алғашқысы К.Байсейітова атындағы Камералық залда өткен «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» концерті болды.

Ұжым шетелге және Қазақстан қалаларына гастрольмен барғанда өзінің концерттік бағдарламаларына да Абайдың әндерін қосуға тырысады. Мәселен өткен жылы опера труппасының солистері Ақтөбеге гастрольмен барғанда Жұмысшы мамандықтар жылы және Абайдың 180 жылдығы аясында ақынның «Көзімнің қарасы» әнін Ақтөбе ферроқорытпа зауытында металлургтермен бірге шырқаған еді.

«Елордалық театр өз репертуарын Абай мұрасымен байланыстыруды зор мақтаныш санайды. Өйткені  Президентіміз атап өткендей, Абайдың «Толық адам» концепциясы -  өткеннің ғана емес, бүгінгі мен болашақтың да рухани темірқазығы. Сондықтан «Астана Опера» Абайдың шығармашылығын дәріптеуді әрі қарай жалғастыра бермек», - деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Астанада Музыкалық жас көрермен театры VII театр маусымының шымылдығын ашады.