ЖИ тергеушілерге көмектеседі: ІІМ пилоттық жобаны іске қосты


Ішкі істер министрлігі тергеушінің интерактивті көмекшісі жобасын іске қосты, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жобаның басты мақсаты — қылмыстық істерді тергеу сапасы мен жеделдігін арттыру. Жасанды интеллект «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесіне біріктірілген және тергеушінің күнделікті жұмысын автоматтандыруға көмектеседі.
Жүйенің мүмкіндіктері: 1)дауысты мәтінге айналдыру; 2)түрлі адамдардың жауаптарын салыстырып, қарама-қайшылықтарды анықтау; жауап алу үшін нақтылайтын сұрақтар ұсыну; 3)процессуалдық құжаттарды автоматты түрде қалыптастыру. Ол төрт негізгі модульден тұрады: тергеуді жоспарлау; жауаптарды өңдеу; құжаттарды дайындау; талдау және болжам жасау.
Бұл жоба тергеу уақытын қысқартып, тергеушілерді техникалық жүктемеден босатуға мүмкіндік береді.
19 маусымнан бастап жүйе пилоттық режимде Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы базасында іске қосылды. Келесі аптада Ақмола облысы Қосшы қалалық полиция бөлімінде іске қосу жоспарланып отыр.