Маңғыстау облысында алғашқы сейсмикалық станциялар желісі орнатылады

Бүгін, 16:29
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views55
Маңғыстау облысында алғашқы сейсмикалық станциялар желісі орнатылады
Фото: ТЖМ

ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының ғалымдары Маңғыстау облысының ТЖД-мен бірлесіп өңір аумағын зерделеу экспедициясын бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Экспедиция аясында жаңа сейсмикалық станциялар орнату жоспарланған өңір аумағында зерттеу, барлау және бағалау мақсатында шолу жұмыстары жүргізіледі. Бұл шара тарихи оқиға болып табылады, себебі осы өңірде бұрын тұрақты сейсмикалық бақылау станцияларының желісі болмаған.

Ғылыми зерттеулерді барлық жерде жүргізу қажет. Біріншіден, бұл өңірдегі өзгерістерді бақылауға және мүмкін болатын ауытқуларға алдын ала әрекет етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, мұндай зерттеулер жер сілкіністерінің табиғатын терең әрі жан-жақты түсіну үшін қажет.

Бұл жұмыстармен табиғат пен жер қойнауында жүріп жатқан құбылыстарды зерттейтін Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы техногендік сейсмикалық зертханасының мамандары айналысады.

Жұмыс барысында елді мекендердің, жолдардың, байланыс және өзге де коммуникациялардың орналасуын анықтау мақсатында жергілікті жерге барлау жүргізіледі. Сонымен қатар сейсмикалық станцияларды орнату үшін өңірдің геологиялық ерекшеліктері де қарастырылады. Сейсмологтар жергілікті жердегі түрлі шуларды тіркейтін жоғары технологиялық және сезімтал құралдарды пайдаланады. Экспедиция жұмысының нәтижелері бойынша сейсмикалық станцияны белгілі бір нүктеде тұрғызу туралы шешім қабылдау үшін барлық факторлар бағаланады.

Маңғыстау облысында сейсмикалық станциялар желісін орнату өңірдің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Бұл жерасты дүмпулерін уақтылы тіркеп, олардың табиғатын талдауға ғана емес, жер қыртысында жүріп жатқан үдерістерді ғылыми тұрғыда тереңірек түсінуге де мүмкіндік береді. Жиналған деректер табиғи қауіп-қатерлерді ескере отырып, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.