Қызылорда қаласындағы Тұңғыш Президент саябағын жаңғырту жобасы әзірленді
Қызылорда қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында тынығушылар саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты саябақ көлемін кеңейтуді, демалыс аймағын жаңартуды жолға қою мақсат етілді. Оған демеушілер есебінен жаңғырту жобасы әзірленді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аумағы 64,5 гектарды құрайтын Тұңғыш Президент паркі 2007 жылы ашылып, онда бүгінгі күнге дейін жаңғырту жүргізілмеген. Балалар ойын алаңы, орындықтар, жарықтандыру және т.б. қажетті құрылымдар жетіспейді.
Ал жаңа жобада жетіспеушіліктер толық қамтылып, Тұңғыш Президент паркі мен Денсаулық саябағы арасын заманауи орынға айналдыру көзделген. Мұнда халықтың сұранысына сай автокөліктер тұрағы бар, гүлзарлармен көмкерілген көркем орын қалыптасады.
Парк ішінде 3 аллея, 3 бөліктен тұратын су бұрқақ, 1 амфитеатр, 1 бетон-скейтпарк, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 4 фудкорт, сондай-ақ көптеген шағын сәулеттік пішімдер және аттракциондар болады.
Фото: Қызылорда қаласы әкімдігінен
Сонымен қатар, саябақ арқылы өтетін барлық аллеялар мен тротуарлар бір-бірімен байланыстырылып, бұл маршрутты оңай және жылдам салуға мүмкіндік береді. Вело-жүгіру жолы бүкіл саябақ арқылы шағын және үлкен шеңбер бойымен өтеді, жобада модульдік-санитарлық ғимаратын орналастыруға арналған алаңдар қарастырылған. Бақшада жасанды тоған, тоған үстіндегі көпір, стилистикалық және демалуға арналған орындықтар бар. Мұнан өзге биіктікке өрмелеу нысаны, ойын құрылғылары, фитнеске арналған спорт қондырғылары, теннис корты, биіктігі 50 метрлік айналмалы дөңгелек аттракционы, балаларға арналған түрлі әткеншектер, тамақтану орындары, би алаңы, паркур, стритбол, сахна, сарқырама каналдары, канал үстінен көпірлер, бадминтон, шахмат, волейбол, баскетбол, футбол алаңдары, арқан саябағы, дария жағалауындағы жүргіншілер жолы, модульдік санитарлық ғимарат қарастырылған. Паркке ауыз су, кәріз су желілері тартылып, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қоса жүргізіледі.
Айта кету керек, Қызылорда қаласында 33 сквер-аллея, саябақтар мен демалыс орындары бар. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін қоғамдық орындарды жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады. Қазір қалалық мәдениет және демалыс паркінде қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бұдан бөлек, Қорқыт Ата ескерткішінің маңындағы аллея, Батырхан Шөкенов атындағы саябақ қайта жаңғыртудан өткізіледі.