Бектенов: Жұмысшы мамандықтарының статусын арттыруға басты назар аудару қажет

Бүгін, 10:54
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бектенов: Жұмысшы мамандықтарының статусын арттыруға басты назар аудару қажет
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек нарығын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Премьер-министр Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай 3,3 миллион адамды, соның ішінде 2,3 миллион жасты жұмысқа орналастыру бойынша нақты бағыт-бағдарды айқындап бергенін атап өтті. Халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу үшін қазіргі таңда еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Мамандықтар мазмұны жағынан өзгеріске ұшырауда. Экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіптер жойылып, жаңалары пайда болуда.

«Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамының абырой-беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Олар заманауи талаптарға сай болуға тиіс.

Бүгінде елімізде ауқымды логистикалық және энергетикалық жобалар іске қосылып жатыр. Түрлі салаларда цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Жалпы кешенді шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Еңбек министрлігі аталған жұмысты салалық министрліктермен және әкімдіктермен тұрақты түрде үйлестіріп, қажетті жедел шараларды қабылдауға тиіс екенін айты. Бұл ретте еңбек нарығындағы өзгерістердің толық есебін жүргізіп отыру керек.