Астана тұрғыны алаяққа алданып, көлігінен айырылды


Астанада құны 8,5 миллион теңге тұратын автокөлікті алдау арқылы иеленген ер адам ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол интернеттегі хабарландыру сайтында пәтерін көлікке айырбастау туралы ұсыныс жариялаған. Бұл ұсынысқа бір азамат қызығушылық танытып, көлігін беруге келіседі. Алайда «пәтер иесінің» тұрғын үйге қатысты толық құжаттары да, айырбас келісімшарты да болмаған.
Автокөлік берілгеннен кейін күдікті байланысқа шықпай қойған. Сол кезде жәбірленуші өзін алдап кеткенін түсініп, полицияға жүгінген.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтың жеке тұлғасы анықталды. Оның осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын да сотты болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу жүргізіліп, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Полиция ескертеді: жылжымайтын мүлік пен көлікке байланысты кез келген мәміле заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс – құжаттарды тексеру, келісімшарт рәсімдеу және мамандардың қатысуы міндетті. Алаяқтар, әсіресе тиімді айырбас ұсыныстары арқылы адамдардың сенімін пайдаланып, қылмыс жасайды.