00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Үтік басқан: Талдықорғандағы бейімдеу орталығында 7 жастағы баланың жәбір көргені рас па

20 тамыз, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Үтік басқан: Талдықорғандағы бейімдеу орталығында 7 жастағы баланың жәбір көргені рас па
фото: almaty.tv

Талдықорғандағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында 7 жастағы бала жәбір көруі мүмкін. Ата-анасының сөзіне қарағанда, жеткіншек уақытылы ұйықтамағаны үшін тәрбиеші оған үтік басқан, деп хабарлады Elordainfo.kz «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.

Баланың сол иығында үтіктің ізі ап-анық көрініп тұр. Әкесінің айтуынша, Роман уақытылы ұйықтамағаны үшін осылай жазаланған. Қазір жеткіншектің денсаулығы қалыпты, күйген тері жазылып келеді. Ал бейімдеу орталығындағылар қаздың майына дейін жағып, жараны жылдам жазып алуға тырысқан. Туыстары «біраз уақыт өтсе, ұлымыздың аяусыз азапталғанын білмей қалатын едік» дейді.

«Орталықтағылар жағдайды жасырып қалғысы келген. Үйімізге келіп, келісімге келуді сұрап жүр. Басқа балалар жәбір көрмес үшін істі аяғына дейін апарамыз. Әйелім сырқаттанып ауруханада ұзақ жатқан соң, балаларым сол орталыққа түскен. Өкінішке қарай, жарым жақында қайтыс болды, балаларды әжесі екеуіміз қараймыз», – деді қала тұрғыны Роман Полянин.

Бала азаптады деп күдікке ілінген тәрбиеші бейімдеу орталығында 4 жыл жұмыс істепті. Осы жағдайдан кейін ол өз еркімен жұмыстан кеткен. Ал орталық директоры «бұл – жазатайым оқиға» деп басын ала қашты. 

«Жұмыста отырдым, баланың жылаған дауысын естіген жоқпын. Ол бала ойнап жүрді. Түске дейін де, түстен кейін де бақылып отырамын, 32 бейнекамера бар. Келеңсіз жағдай абайсызда болды, қасақана жасамады», – деді Жетісу облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Ерлан Сансызбаев.

Айта кетейік, Полиция департаменті аталған дерекке қатысты іс бастады. Кәмелетке толмағандарға байланысты ықтимал қатыгездік фактісі бойынша іс қозғалуы мүмкін.