Тәжікстан Қазақстанға 500 млн текше метрге жуық су жіберді
1 маусымнан бері Тәжікстан Қазақстанға мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы 488,6 млн текше метр су жіберді, деп хабарлады Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігі сілтеме жасап.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 млн текше метрге, ал биыл жоспарланған көлемнен 45 млн текше метрге артық. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді.
«Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды. Екіжақты келіссөздер өтті, күн тәртібінде су саласындағы ынтымақтастық тақырыбы да болды. Тәжікстан – еліміз үшін Орталық Азияның барлық мемлекеттері секілді маңызды серіктес. Сондықтан біз су ресурстарын басқару және оны сақтау мәселесі бойынша бірлескен жұмысқа көп көңіл бөлеміз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірден бері Өзбекстан Сырдария өзені арқылы елімізге 4 млрд текше метрден астам су жіберген болатын. Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су жіберу туралы келісімге қол жеткізілді.