Әскери қызметшілер жоғалған баланы тауып, ата-анасына қайтарды


Петропавл қаласында Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6637 әскери бөлімінің патрульдік тобы жоғалған баланы тауып, ата-анасына аман-есен табыстады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқиға қала әкімдігі маңында болған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген патрульдік топқа алаңдаулы ана жақындап, кішкентай қызының жоғалып кеткенін айтып, көмек сұраған. Уақыт жоғалтпай, патрульдік топ дереу іздеу шараларын бастап кеткен.
Патрульдік топ бастығы – кіші сержант Ришат Назаров, қатардағы жауынгер Арман Төлеген және ефрейтор Еділ Хытымыр баланы жақын маңайдан іздеуге кіріскен. Көп ұзамай, олар қорқып, жылап жүрген бүлдіршінді байқап, тыныштандырып, анасына жеткізді.
Әскери қызметшілердің шапшаң әрі үйлесімді әрекетінің арқасында бала аман-есен ата-анасына табысталды. Куә болған тұрғындар мен ата-ана өз ризашылықтарын білдіріп, сарбаздардың қырағылығы мен жауапкершілігіне жоғары баға берді.



