00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Шөлмектегі суды қалай таңдау керек

21 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Шөлмектегі суды қалай таңдау керек
Фото-коллаж: Elordainfo.kz

Шөлмекке құйылған ауыз су жарамдылық мерзімі өтіп кетпей және дұрыс сақталған жағдайда ғана адам денсаулығына қауіпсіз.  ҚР ПІБ Медициналық орталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы санитарлық дәрігері Сандуғаш Мұқажанова су сатып алғанда не нәрсеге мән беру керектігін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Маманның айтуынша, судың мақсаты (ауыз су, емдік немесе асхана), шығарылған күні, жарамдылық мерзімі және сақтау шартына мән беру керек. 

«Сондай-ақ, қақпағын ашқаннан кейінгі жарамдылық мерзімін де көру керек. Бұл ақпаратқа назар аударыңыз, өндірушінің ұсыныстарын орындаңыз. Себебі оның барлығы зерттеуге негізделіп жазылады, - дейді маман.

Емдік суды дәрігердің кеңесінен кейін, белгілі бір ауруларда және дәрігер айтқан мөлшермен ғана ішу керек. Сонымен қатар, газдалған суды көп тұтынудан аулақ болған жөн.

 «Ауыз су» мен «асхана» суын барлық адамдарға ішуге болады. Дегенмен, 3 жасқа дейінгі балаларға ұзақ сақталатын суды бермеген дұрыс.

Қаптаманың тығыздығы, судың атауы, құрамы, өңдеу әдісі бойынша таңбалау атрибуттары да маңызды. Еуразиялық экономикалық одақ нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісімен ғана таңбалау қауіпсіздік жөніндегі техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін куәландырады. Таңба КО ТР 022/2011 «Азық-түлік өнімін таңбалау бөлігінде» Кеден одағының техникалық регламентіне, «Табиғи минералды суды мен ауыз судың қауіпсіздігі туралы» Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне (ЕАЭО ТР 044/2017) сәйкес келуі тиіс.

Кеңседе немесе үйде құю жүйелерін (салқындатқыштар, сорғылар) пайдалансаңыз, бұл құрылғыларды үнемі жуып, дезинфекциялап тұру қажет. Сорғыны әр екінші бөтелкеден кейін жуып, үш айда бір рет санитарлық тазалау артық болмайды.

«Су ағзаға барлық нормаларға толық сәйкес келген жағдайда ғана пайдалы. Тексергіңіз келе ме? Біз қуана көмектесеміз. Микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулер судың радиациялық қауіпсіздігін және ондағы әртүрлі бактериялар мен паразиттердің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді», - дейді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы санитарлық дәрігері.

Судың қауіпсіздігі мен сапасын тексеру орталықтағы заманауи жабдықтары мен барлық аккредиттеу сертификаттары бар мамандандырылған зертханаларда жүргізіледі.