00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Сәдібек Түгел: Президент әрбір жоба, әрбір шешім елге пайдалы болу керектігін айтты

2 қыркүйек, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Сәдібек Түгел: Президент әрбір жоба, әрбір шешім елге пайдалы болу керектігін айтты
Фото-коллаж: Elorda.info

Астана қаласы әкімдігінің тұңғыш баспасөз хатшысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы Сәдібек Түгел Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына Жолдауын мұқият тыңдап шықтым. Мұнда мемлекетті дамытудың барлық мәселелері қамтылған. Солардың ішінде Мемлекет басшысы «Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және қаржылық, техникалық саланы қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек» деді. Бұл дұрыс деп санаймын. Егер заң қабылданатын болса, онда қай банктермен жұмыс істеу керек деген секілді маңызды тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі ақпараттар айтылады. Бұл қазіргі таңда көкейкесті мәселе болып тұр», - деді спикер.

Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек. Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады. Бұл туралы да Президент халыққа Жолдауында айтты.

«Президент әрбір жоба, әрбір шешім елге пайдалы болу керектігін жеткізді. Бюджетке көп салмақ сала беруді қою керектігін де айтты. Бұл – өте дұрыс. Себебі бюджет – халықтың қазынасы. Ал оған қол сұққандарды аямау керек. Оған қатысты заңды одан сайын қатайту керек деп ұсыныс айтар едім», - деді.

Сондай-ақ бүгінгі Жолдауда АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтетіні белгілі болды.

«Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам халықпен бірлесіп, референдум арқылы шешілетінін жөн деп санаймын. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Осылайша біз маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасайтынымыз анық», - деді Сәдібек Түгел.