Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасын қайта іске қосты

Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы қайта іске қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Маусымда Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатқан болатын. Себебі бағдарламаға сұраныстың жоғары болуына байланысты қарыз беру қаржыландыру жоспарынан асып кеткен. Сондықтан сол кезде барлық құжаттарға қол қойғандар ғана несие алған. Ал қалған клиенттерге күтуге тура келген.
«Құрметті клиенттер! «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары жалғасады. Бұл өтінімдер қабылдау емес.Толығырақ түсіндірейік: Бұған дейін жоғары сұранысқа байланысты бағдарлама лимиті толық аяқталып, іріктеуден өткен кейбір клиенттер пәтер рәсімдей алмады. Енді лимит қайта ашылды! Төлем қабілеттілігін растаған және несиені рәсімдеуді күтіп жүрген клиенттер көптен күткен баспаналарына ие бола алады. Сіздерді банк бөлімшелерінде күтеміз!», - деп жазылған хабарламада.



