00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша кредиттік өтінім беру мерзімі ұзартылды

«Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша кредиттік өтінім беру мерзімі ұзартылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Енді бағдарламаға қатысушылардың 31 қазанға дейін (қоса алғанда) Отбасы банкіне («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жүгініп, кредиттік өтінім беруге мүмкіндіктері бар. Бұл «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысушылардың қосымша тізіміне енген банк клиенттеріне қатысты. Бұған дейін оларға несиелік өтінім беру мерзімі 18 қазанға дейін белгіленген болатын, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Енді қазақстандықтардың төлем қабілеттілігінен өтіп, несие бойынша мақұлдау алулары үшін тағы екі апта уақыты бар. Оны Отбасы банк бөлімшелерінде, онлайн банктің ресми сайты (hcsbk.kz) немесе Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) бейне-қоңырау шалу арқылы, сондай-ақ кеңесшілердің көмегімен жасауға болады.  

Егер қосымша тізімге қатысушы заем бойынша мақұлдау алса, онда оған тездетіп, 29 қарашаға дейін (қоса алғанда) баспана тауып, оны сатып алу керектігіне назар аударамыз.

Бағдарламаға қатысушылар алғашқы нарықтағы оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бар тұрғын үйді, «Баспана маркет» (otbasybank.kz) порталында таңдайды, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта клиенттерге таңдау үшін 9 412 пәтерге арналған 721 нысан ұсынылған. Бұл тізім күн сайын толықтырылып отырады.

Қайталама нарықтағы тұрғын үйді моноқалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық елді мекендерде сатып алуға болады.

Заемның ең жоғарғы мөлшері:

- Алматы мен Астана қалалары үшін – 36 млн теңгеге дейін.

- қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

«Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысушылардың қосымша тізіміне барлығы 9 мың қазақстандық кірді.

Өтініш берушілер мен тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылардың толық тізімі Отбасы банктің ресми сайтында жарияланған.

«Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының шарттары:

- алғашқы жарна – 20%-дан бастап;

- тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);

- азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);

несие мерзімі – 19 жылға дейін.