00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Күзде көңіл-күйді жақсартудың жолдары қандай – психологтан кеңес

Күзде көңіл-күйді жақсартудың жолдары қандай – психологтан кеңес
Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Күз айларында кейбір адамдар көңіл-күйдің өзгеруін сезінеді. Мәселен, ауа-райы құбылып, аспанды бұлт торлайды, күн сәулесі азаяды. Нәтижесінде бұл күзгі депрессияға әкелуі мүмкін. Осындай жағдайда не істеу қажет? Психолог Гүлжан Ғұсманова күзгі уақытта денсаулықты күту бойынша пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Бұл маусымда адамның бойында шаршау, энергияның жетіспеушілігі, көңіл-күйдің жоқтығы сондай-ақ тәбет пен ұйқы режимі өзгеруі мүмкін. Маманның айтуынша, бұл – қалыпты әрі көпшілікке таныс жағдай. Егер бұл өзгерістер күнделікті өмірге кедергі келтіре бастаса, онда дереу шара қолданған жөн.

Күнделікті режим ұстану – психикалық денсаулықты сақтаудың тиімді әдістерінің бірі.

«Үнемі бір уақытта оянуға және ұйықтауға тырысу керек. Тұрақты тамақтану және физикалық белсенділік сіздің энергияңыз бен көңіл-күйіңізді сақтауға көмектеседі. Жаңбыр жауып тұрғанына қарамай далада серуендеңіз. Себебі таза ауада жаяу серуендеу көңіл-күйді көтерумен қоса серотонин яғни бақыт гормоны түзіледі. Тіпті саябақта серуендеу жағдайыңызды айтарлықтай жақсарта алады. Физикалық белсенділік депрессия мен мазасыздықты жеңуге сеп болады. Бос уақытыңызда өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз», - деді маман.

Күз – жаңа хобби немесе ескі хоббиге оралу үшін тамаша уақыт. Сурет салу, оқу, аспаздық болмаса қолөнер – көңіл-күйді көтерудің әрі уақытты қызықты өткізудің бірден-бір жолы.

Сондай-ақ арнайы блокнот бастап, оған арман-мақсаттарыңызды, алға қойған жоспарларыңызды жазып қойыңыз. Күнделікті өмірде жасаған батыл шешімдеріңізді де жазуды ұмытпаңыз.

Жаздың қалай өткенін бағалау да – маңызды. Сіз жақсы демалдыңыз ба? Егер бойыңызда күш жеткілісіз болса, онда күзде ресурстарды толықтыруға тырысыңыз. Сонымен қоса, өзіңізді дамытумен айналысыңыз, тұлғалық өсу бойынша әрекеттер жасаңыз.

Осы күзде қандай мәселені шешкіңіз келеді? Қазіргі кезде сіз үшін ең маңызды ішкі сұрақ қандай? Осыларды шешу үшін нақты жоспар құрыңыз.

«Күз айының басында көңіл-күйді жақсартатын үш жақсы әдет қалыптастырған жөн. Бұл серуендеу, жаңа хобби болмаса сүйікті музыка болуы мүмкін. Оған қоса, күнделікті өмірде істегіңіз келетін үш әдетті атап өтіңіз. Мысалы, Д витаминін ішуді бастау, тұрақты түрде ыстық ванна қабылдау, кептірілген жеміс-жидектерден тосапты рационға қосу және т.б.», - деп бөлісті балалар психологы.

Күз – өзгеріс уақыты. Ал психикалық денсаулыққа күтім жасау назар мен сүйіспеншілікті қажет етеді. Ілгеріде айтылған кеңестерді күнделікті өмірде қолданып, күзгі мезгілді қызықты әрі есте қаларлықтай етіп өткізіңіз.