Ербол Мырзабосынов өңірлерге инфрақұрылымдық қажеттіліктер картасын дайындауды тапсырды

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірлерге инфрақұрылымдық қажеттіліктер картасын 1 қарашаға дейін дайындауды тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Туризм саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Облыс әкімдерінің орынбасарлары мен өңірлік туризм басқармаларының өкілдерімен өткен кеңесте министр саланы жүйелі түрде дамытуға бағытталған Жол картасын іске қосу аясында бірқатар тапсырма берді.
Бірінші кезектегі міндеттер:
* 1 қарашаға дейін өңірлер бойынша инфрақұрылымдық қажеттілік картасын дайындауды аяқтап, әкімдіктер деңгейінде іс-қимыл жоспарларын бекіту;
* кейбір өңірлерде әлі аяқталмаған туристік маршруттарды абаттандыру және бас жоспарларды цифрландыру жұмыстарын жандандыру;
* Халықаралық туризм және меймандостық университетімен бірлесіп, жыл соңына дейін саладағы кадр тапшылығына талдау жүргізу;
* 1 желтоқсанға дейін 2026 жылға арналған ірі тақырыптық іс-шаралар күнтізбесін дайындау, оның ішінде кем дегенде бір ауқымды туристік іс-шара жоспарлау.
«Мемлекет басшысы Жолдауында өңірлерге туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту бойынша жауапкершілік жүктеді. Бұл міндетті орындау үшін жергілікті атқарушы органдардың, бизнес пен уәкілетті мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы қажет. Министрлік өз тарапынан әдістемелік қолдау көрсетеді. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасын орындау аясында шетелдік туристерді тарту мен заңнамалық базаны жетілдіру бағытында жүйелі жұмысты жалғастырады», – деді министр.
Қазіргі таңда министрлік заңнамаға «курортты өңір» ұғымын енгізуді және міндетті талаптардың орындалуын бақылау жүйесін құруды ұсынып отыр. Жоспарда туристік жобаларға инвестициялық преференциялар мен жеңілдетілген несиелеуді қамтитын арнайы құқықтық режим енгізу бар.
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанды жыл бойы туристерді қабылдай алатын, жоғары қызмет көрсететін, қауіпсіз инфрақұрылымы мен тұрақты экологиялық үлгісі қалыптасқан туристік бағытқа айналдыру. Осы мақсатта біз жаңа құқықтық тетіктерді енгізіп, бизнесті қолдауды күшейтіп, инвестиция тартуға күш саламыз», – деп атап өтті министр.
Аталған шараларды жүзеге асыру және Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әзірленген Жол картасын жүзеге асыру туристер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, қызмет сапасын жақсартуға және Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыт ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Кеңес 25 қыркүйекте Маңғыстау облысында өтетін Халықаралық туристік форум аясында ұйымдастырылды.



