Елордалық әйел жұмыс берушісінің зергерлік бұйымдарын ұрлап кеткен
Жәбірленушінің қарт әкесінің күтушісі болып жұмыс істеген әйел жатын бөлмедегі сөреден 12 сақина, бір қол сағат, екі жұп сырға және алтын алқа салынған сөмкені ұрлауға бел буған, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Осыдан кейін әйел күдік туғызбай үйде әрі қарай жұмыс істей берген. Бірақ үй иелері зергерлік бұйымдардың жоғалып кеткенін байқаған кезде бірден полицияға жүгінген.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Есіл ауданының криминалдық полиция қызметкерлері 47 жастағы әйелді анықтады. Ол барлық әшекейді бір уақытта ұрлап, оларды ломбардқа өткізгенін мойындады. Шығын көлемі – 1,5 млн теңге», - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық зергерлік бұйым тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды кез келген жағдайда қырағы болуға шақырады.