СҚО-да қоқыс үйінділері туралы жалған ақпарат берген 13 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық заңнаманың талаптарының жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар тарапынан сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Аталған талдау барысында бірқатар заң бұзушылықтар, оның ішінде, 79 рұқсат етілмеген қоқыс полигонының жойылғаны туралы жалған ақпарат ұсынылғаны, Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Тайынша аудандарында және М.Жұмабаев ауданының аумағында қалдықтардың арнайы белгіленбеген жерлерге жинақталғандығы, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар аумағынан өрескел шығу фактілері анықталды.
Сонымен қатар, Мамлют және Қызылжар аудандарында, сондай-ақ Петропавл қаласындағы қолданыстағы қалдықтар полигондары экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінің көрсетті.
Экологиялық кодекстің 365-бабының талаптарына қарамастан, Экология департаменті анық және жүйелі сипатқа ие құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдамаған, бұл өз кезегінде өңірдегі нақты экологиялық жағдайдың бұрмалануына әкеп соғуда.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде облыс әкімдігі 2025–2026 жылдарға арналған, жүйелі құқық бұзушылықтарды жоюға және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті, жоспарда тарихи түрде қалыптасқан қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырылған орындарды кезең-кезеңімен заңдастыру, орындалу мерзімдері, қаржыландыру көлемі, жауапты орындаушылар және бақылау тетіктері нақты көрсетілген. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою туралы жалған есептерді ұсынғаны, экологиялық бақылаудың тиісінше жүргізілмегені және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстардың үйлестірімелгені үшін 13 лауазымды тұлға, олардың қатарында Экология департаментінің басшысы, облыс әкімдігі табиғи ресурстар басқармасының басшысы және Аққайың, Қызылжар, Мамлют аудандары әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
СҚО табиғат қорғау прокурорының қаулысымен ӘҚБтК-нің 324 және 344-баптарына сәйкес 12 ауылдық округтің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, барлық айыппұлдар толық көлемде өндірілді.
«Заң және Тәртіп» акциясы аясында облыс әкімдігі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және аудан әкімдіктерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізіліп, онда Президенттің халыққа Жолдауында белгіленген мемлекеттік экологиялық саясаттың басымдықтарын қамтитын Экологиялық кодекстің негізгі ережелері түсіндірілді.



