Елімізде шілде айында 170 мыңға жуық көлік тіркеуден өтті – Ұлттық статистика бюросы

Бүгін, 18:08
Айман Нығмет Айман Нығмет
views48
Елімізде шілде айында 170 мыңға жуық көлік тіркеуден өтті – Ұлттық статистика бюросы
фото: Оңалхан Өнерхан

Шілдеде 169,9 мың бірлік автокөлік құралы есепке қойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, тіркелген көлік құралдарының ішінде жеңіл автомобильдер саны – 153,5 мың, жүк көліктері – 9,8 мың, автобустар – 1,6 мың, ал мотокөліктер – 5 мың бірлікті құрады.

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, елімізде тіркелген автокөлік құралдарының саны 6 629 мың бірлікті құрады. Бұл көрсеткіш бойынша автопарктің басым бөлігін жеңіл автомобильдер алып отыр – 86,7%. Сонымен қатар, 9,5%-ы – жүк көліктері, 1,8%-ы – автобустар, ал 2%-ын мотокөліктер құрайды.

Пайдаланылатын отын түрі бойынша көліктердің көпшілігі, яғни 82,1%-ы бензинмен жүреді. Аралас отын (бензин мен газ) қолданатын көліктердің үлесі 7,1%, дизель отынымен жүретіндер – 7%. Ал газ баллонды көліктер мен электрлі көліктердің үлесі бірдей – 0,3%-дан келеді. Елімізде электр қуатымен жүретін 20 775 көлік тіркелген.

Қозғалтқыш көлемі бойынша ең көп үлес 1500–2000 текше сантиметр аралығындағы көліктерге тиесілі – 37,5%. Одан кейін:

1500 см³ дейінгі көліктер – 19,9%

2000–2500 см³ – 15,5%

2500–4000 см³ – 13,7%

4000 см³ жоғарысы – 9,4%

Бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың орташа қозғалтқыш көлеміне ие көліктерді жиі таңдайтынын көрсетеді.

Аталған көлемдегі көліктердің ең көп шоғырланған өңірлері – Алматы облысы (259,3 мың бірлік), Алматы қаласы (248,9 мың бірлік) және Астана (196,5 мың бірлік).