Дін спортқа тұсау емес
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері арасында «Дін және спорт» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады Elorda.info.
Спортшылардың дін мен кәсіп арасындағы байланысты қалай үйлесімді бір жайлы ету, сондай-ақ, мемлекет, ел алдындағы міндетін аброймен ада ету барысындағы құлшыныс пен құлшылық арасындағы мәселелерді қалай шешуге келелі кеңес беріп, дұрыс жол нұсқау мақсатында өткізілген бұл шараға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Астана қалалық діндерді зерттеу орталығының теологы Исатай Бердалиев және спикер ретінде шақырылған Ырыскелі қажы мешітінің бас имамы, теолог, белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы қатысты.
Қазіргі таңда Астана қалық діндерді зерттеу орталығында 15-ке жуық дін танушы, теолог маман жұмыс істейді. Мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде діни экстремзмнің алдын алу және оған қарсы тұру тұрғысынан үзбей үгіт-насихат жүргізіп келеді. Бүгінгі шарада сондай мақсатта ұйымдастырылып отыр. Жалпы ақыл мен қайрат, мәдениет пен білім ұштасқанда ғана адам тура жолдан азбайды,- деп атап өтті алдымен сөз алған Исатай Бердалиев.
Дін мен спорттың байланыснан бастап сөз қозғаған Нұрлан имам спортшылардың жүрегінде жеке құлшылықтан ел мен жердің аманаты, сенімі қашанда биік тұруы керек екенін атап өтті.
Дін мен спорт бір-біріне қайшы емес, бір-бірін шектемейді. Керісінше бір-біріне жағымды жақтан ықпал етеді. Спортқа көбінде рухы күшті, өз алдына берік мақсат қойған адамдар келеді, құлшылық та солай, ол да адамдардан берік мақсатты талап етеді. Біздің кейбір азаматтарымыз мен дінге келдім деп спорттан кетіп қалады немесе әнұранға құрмет қылмайтын, әнұран орындалғанда орнынан тұрмайтын жағдай да төбе көрсете бастады. Бұл дұрыс емес. Ораза ұстадым деп жаттығуды тоқтаттып, мемлекеттік, елдің өзіне жүктеген сенімін екінші орынға сырып қоятын спортшылар да бар. Бұл дұрыс емес, олардың бұл әрекеті дінді жағымсыз етіп көрсетіп жатыр. Сондықтан мұндай мәселелерге келгенде өте абайлаған дұрыс болады,- деді имам.
Сонымен қатар, құлышлық пен құлшыныстың, наным мен мақсаттың байланысы жөніне де тоқталған Нұрлан Байжігітұлы спортшыларды қашанда исламға тән әдептен аттамауға, көркем мінезді болуға, құлшылықты бет-бедел үшін пайдаланудан, спортты әлімжеттілік жасауға қолданудан аулақ болуға шақырды.
Еркін форматта өткен кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер жөнінде баспасөз мәслихатының спикерлеріне сұрақтарын қойып, жауап алды.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ