Депутат ЖИ көмегімен ақын-жазушы болатындар қаптай ма деген күмәнін білдірді

14 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Депутат ЖИ көмегімен ақын-жазушы болатындар қаптай ма деген күмәнін білдірді
Фото: Parlam.kz

Мәжілістің жалпы отырысында жасанды интеллект туралы заң жобасы қаралып жатыр. Осы ретте депутаттар ЖИ арқылы өлең шығарып, ақын-жазушы атанатындар көбейе ме деген мәселені көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазір мен ChatGPT-ға тапсырыс бердім. Ерлан Саиров туралы өлең керек. «Ол – депутат және саясаткер, Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Ол олигархтармен аяусыз күресіп жатыр» деп жаздым. ChatGPT маған 5 шумақ өлең жазып берді.

«Сатылмас сөзге оранған,

Депутат болып тік айтты.

Олигархтарды жығып қайтты,

Қарапайымның үні болып,

Әділдік үшін майдан ашты».

Әлеуметтік желіде осындай қаптап жатыр. Қазір жасанды интеллектінің туындыларға авторлық құқығы жоқ. Нәтижесінде   «ақын-жазушылар, драматургтер қаптамай ма?» деген ұғым түсінік жоқ емес», - деді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.

Сондай-ақ ол жасанды интеллект арқылы генерацияланған мақалаларға қатысты мәселені көтерді.

«Екінші сұрағым журналистикаға байланысты. Жасанды интеллект жазған мәтіндер жиі логикалық, фактологиялық қателіктерге ұрынады. Жасанды интеллект генерациялаған мақалаларда көптеген дәлсіздік анықталып, редакциялық қайта қарау жүргізілген. Қазірдің өзіңде Еуропа мен АҚШ-та жасанды интеллект арқылы жасалатын бейнебақылауларды бақылауға арнайы құқықтық нормалар әзірленіп жатыр. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, ақпараттық қауіпсіздігі жалған ақпараттар таратуда осы жасанды интелектінің кері ықпал әсері тұрғысынан заңнамалық жұмыс істеу барысында зерделеу жұмыстары жүргізілді ме?», - деді депутат.

Бұл сұрақтарға Экономикалық реформа және өңірлік даму комитиетінің хатшысы Екатерина Смышляева жауап  берді.

«Халықаралық заңнаманы, әсіресе шығармашылық контентті реттеуді зерттеді. Бізде заң жобасында таңбалау туралы талаптар бар, жасанды интеллектінің қатысуымен құрылған өндірушілерге қатысты таңбалауды айтып отырмын. Туындының авторы кім деген сауалға келетін болсақ, егер бұл алгоримт болса, мәселен, сіз «Көктем» тақырыбына өлең шығару керек деген тапсырма берді делік. Мұнда қорғайтын ештеңе жоқ. Себебі біз адамның жасаған туындысын қорғаймыз. Ол – адамның еңбегі. Егер жасанды интеллект тек құрал, көп нәрсені адам жасайтын болса, мәселен, бүгінгі таңда журналистер мәтінді жазып, оған жасанды интеллектіні қолданса, бұл олардың туындысы болып есептеледі. Авторлық құқық журналистерде», - деді Екатерина Смышляева.