Бесікарбадағы баласымен марафонға қатысқан елордалық Айгүл Мұқашпен сұхбат
Елордада 1 мамыр күні «Бірлік жүгірісі» республикалық жартылай марафонында 2000-нан аса әуесқой спортшы бақ сынады. Жүгіру жарысына елордалық Айгүл Мұқаш та қатысып, 10 шақырымды бесікарбада отырған баласымен бірге жүгіріп өтті. Көпшілікті таң қалдырған елорда тұрғыны туралы не білеміз? Бесікарбамен жүгіру қаншалықты қиын? Elorda.info тілшісінің осы және өзге де сұрағына қала тұрғыны Айгүл Мұқаш жауап берді.
31 жастағы астаналық Айгүл Мұқаш Тараз қаласында дүниеге келген. 2010 жылы елордаға білім алуға келіп, IT саласын меңгерді. Декреттік демалысқа дейін ақпараттық технология маманы және сарапшы болып жұмыс істеген. Ал оның жүгіруге деген қызығушылығы 2021 жылы басталған.
Жүгіруге деген қызығушылығым 2021 жылы басталды. Әдеттегідей Ботаникалық баққа серуендеуге шықтым. Айналама қарасам, адамдардың көбі жүгіріп жүр. Осылайша менің де қызығушылығым пайда болып, жүгіруді бастадым. Бастапқыда бір шақырым қашықтыққа әрең жүгіретінмін. Қазір күнделікті таңертең жүгіруге шығатын болдым, өзіме осы әдетім қатты ұнайды,- дейді елорда тұрғыны.
Айгүл Мұқаштың сөзінше, бесікарбамен бірге жүгіруге әлеуметтік желіде белсенді шетелдік аналардың батыл қадамы себеп болған.
Мен жүкті кезімде де спортта белсенді болдым. Күнде жүгіріп жүрдім. Тіпті әлеуметтік желіде белсенді шетелдік блогерлерді қарап, олардың бесікарбамен қалай жүгіретінін бақылап жүрдім. Содан балам өз еркіммен отыра алатын кезеңге жеткен соң бірге жүгіруге шығуға бел будым. Одан бөлек тағы бір себеп бар, мен жүгіруге шыққан кезде үйде балаға қарайтын адам болмайды. Сондықтан да баламды өзіммен бірге алып шығамын. Ал жақындарым менің жүгіру жарысына баламмен бірге қатысатынымды білген де жоқ. Бірақ олар менің әрқашанда бастамашыл және спортта белсенді адам екенімді жақсы біледі. Менің күйеуім мені әрқашан қолдайды. Баламен бірге жүгіруім оның денсаулығына зиян келтірмейді,- дейді ол.
Айгүл Мұқаш жүгіру жарысына бесікарбамен бірге қатысу үшін алдымен баланың жағдайын жасау керек екенін айтты.
Бесікарбамен жүгіру қиын немесе оңай деп айта алмаймын. Жүгірген кезде бала жанымда болғандықтан алдымен оның жағдайын жасау керек. Яғни жүгіретін уақыт баланың ояу және көңілді немесе оның ұйықтайтын уақыты болуы қажет. Әрине, тамағы да тоқ болу керек, сол кезде ғана жүгіру кезінде ештеңеге алаңдамауға болады,- дейді Айгүл Мұқаш.
Әңгіме барысында әуесқой спортшы өзінің күн тәртібімен бөлісті.
Үш баланың анасы ретінде спортқа уақыт табудың өзі керемет сезім деп айтар едім. Мен әр күнімді жоспарлаймын. Бірінші кезекті тәртіп керек. Таңғы 5 те тұрып, медитация жасаймын. Жаттығу жасағаннан кейін балаларым ұйқыдан тұра бастайды. Үлкен қызымды жаттығуға, одан кейінгі қызымды балабақшаға жіберемін. Менің кішкентай ұлым да ерте тұрады. Оны тамақтандырып, шағын дене жаттығуын жасағаннан кейін таңғы 8-9 шамасында жүгіруге шығамыз. Шамамен 1-1,5 сағат жүгіреміз. Бастысы ниет болуы керек,- дейді ол.
Айгүл Мұқаш осы уақытқа дейін бірнеше жүгіру жарысына қатысқан. 2022 жылы Алматы қаласындағы марафонға қатысып, 10 шақырымды артта қалдырған. Сонымен қатар Түркістан қаласында 42.2 шақырымды толық марафонды бағындырыпты. Тіпті 32 апталық жүкті кезінде де 10 шақырымды жүгіріп өткен. Соңғы жүгіру жарасы Бірлік күні аясында өтіп, ұлы Баймырзамен қатысып, бірінші орынға ие болды.
Жүгіру жарысына қатысу үшін күнделікті жаттығу жоспары болу керек. Қазір әлеуметтік желіде «Қалай дұрыс жүгіруге болады» тақырыбында ақпараттық материалдар көп. Сондықтан да жүгіруге дайындалу қиын емес. Одан бөлек ыңғайлы аяқ киім мен жүгіруге болатын уақытты дұрыс таңдаған жөн. Сонымен қатар жүгіруге қызығушылығы бар адам өзін басқа адамдармен салыстырмау керек, себебі әр адамның физикалық төзімділігі әртүрлі. Бұл спорт тек арықтау үшін ғана емес, жүгіру барасындағы жақсы сезім мен одан кейінгі энергияны сезіну маңызы зор,- дейді ол.
Елордалық әуесқой спортшы болашақта әлемдегі ең үлкен марафондардан тұратын World Marathon Majors сериясына қатысуды армандайды.
Әрине ең бірінші арманым бақытты балаларды өсіріп оларға жақсы тәрбие беру, жұмысым мен спортта жақсы нәтижеге жету. Отбасыммен бірге бірге саяхаттауды да армандаймын. Одан бөлек World Marathon Majors сериясындағы Токио, Лондон, Бостон, Берлин, Нью-Йорк және Чикаго марафондарына қатысқым келеді. Oceanman суда жүзуден марафонына қатысып және Босфор бұғазын жүзіп өткім келеді. Жақында Алматы марафонына қатысуды жоспарлап отырмыз, қазір дайындық үстіндеміз,-дейді ол.
Бүгінде Айгүл Мұқаш жүгіруге әдеттегі серуендеуге арналған бесікарбамен шығады. Сондықтан да әуесқой спортшы арнайы ұзақ қашықтыққа төзімді бесікарба сатып алу үшін қаражат жинап жатыр. Мұндай бесікарба баласын бірге алып жүгіргісі келетін аналарға үлкен мүмкіндік береді.