00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Қазақстанның тағы бірнеше ізгі ниет елшісі анықталды

10 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Қазақстанның тағы бірнеше ізгі ниет елшісі анықталды
Фото: Сыртқы істер министрлігінен

ҚР сыртқы саяси ведомствосында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің қатысуымен «Қазақстанның ізгі ниет елшілерінің» екінші пулын тағайындау салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасы мәдениеттер пен халықтар арасындағы диалогты дамытуға және еліміздің жетістіктерін шет елдерде дәріптеу мен танымалдылығын арттыруға бағытталған.

Бұл жобаға қатысу үшін Қазақстанның қоғам және мәдени қайраткерлері шақырылды. Олардың арасында Халық әртісі Димаш Құдайберген, опера әншісі Мария Мудряк, тележүргізуші және мәдени жобалардың продюсері Майя Бекбаева, археолог және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Дмитрий Воякин, Qazaq Geography басқарма басшысы, этнограф-ғалым Әйгерім Мұсағажинова бар.

А.Рахметуллин өзінің алғы сөзінде Қазақстан әлемде бейбітшілікке ұмтылатын және прогрессивті мемлекет, сондай-ақ жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуде сенімді серіктес ретінде қабылданатынын атап өтті.

«Ізгі ниет елшісінің мәртебесі тек бедел ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Жоба аясында біз мәдениетіміз, өнеріміз, ғылыми жетістіктеріміз, инновациялар, спорттық жеңістер, креативті шешімдер, туристік әлеует пен Қазақстан халқының басты құндылығы – бейбітшілік пен келісімді сақтаумен таныстыруды жалғастыруға ниеттіміз», − деп атап өтті А.Рахметуллин.

Артылған сенім үшін алғысын білдіре отырып, М.Бекбаева еліміздің ежелгі мәдениеті мен бай тарихымыздың негізінде жатқан бірлік, төзімділік және бейбітшілік құндылықтарды атап өтті. Ол жоба аясында осы қағидаттар мен құндылықтарды, сондай-ақ СІМ-мен тығыз байланыс арқылы Қазақстанның шет елдермен мәдени және гуманитарлық ынтымақтастығын ілгерілетуге ниетті екенін атап жеткізді.