Қазақстанның қай аймақтары шетелдік туристер үшін ең тартымды
Kazakh Tourism компаниясы eQonaq жүйесіне тіркелген орналастыру орындары бойынша мәліметтерді талдап, шетелдік туристер арасында танымал қазақстандық өңірлерді анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өткен жылдың үздік үштігі 2023 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Туристер санының айтарлықтай артуы Алматы облысында байқалса, Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында бұл көрсеткіштің төмендеуі тіркелді.
Талдау eQonaq ақпараттық жүйесіне тіркелген 525 мыңнан астам пайдаланушының деректерін қамтыды. Оның қорытындысы бойынша Алматы шетелдік туристер үшін ең танымал қазақстандық қала мәртебесін сақтады. 2024 жылы оңтүстік астананың орналастыру орындары 534 340 шетелдік қонақты қабылдаған. Өткен жылмен салыстырғанда мегаполиске барған саяхатшылар саны 70 мыңға жуық адамға артты. Жақында CNN Travel Алматыны 2025 жылы саяхат жасауға тұрарлық 25 бағыттың қатарына қосты.
Рейтингтің екінші сатысына еліміздің астанасы жайғасты. 2024 жылы eQonaq жүйесіне тіркелген Астананың орналастыру орындарына 269 320 шетелдік мейман тоқтаған.
2023 жылмен салыстырғанда Алматы облысында шетелдік туристер саны 59% артып, 134 763 адамға жетті. Бұл көрсеткіштің елеулі өсімі облысқа үздік үштіктегі орнын нығайтуға мүмкіндік берді.
Атырау және Маңғыстау облыстары төртінші және бесінші орындарды иеленді. Мұнайлы өңірге өткен жылы 106 974 шетелдік турист барған, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27%-ға артық. Маңғыстау облысының орналастыру орындары 71 462 шетелдік қонақты қабылдады (2023 жылы – 67 633 адам).
Қарағанды облысының шетелдік туристер үшін тартымдылығы арта түсті. Аймақ рейтингте бірден үш сатыға көтеріліп, алтыншы орынды иеленді. 2024 жылы өңірге 50 474 шетелдік турист барды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға артық.
Ал Ақтөбе облысы 2023 жылмен салыстырғанда бір саты төмендеді. Онда шетелдік қонақтар саны шамамен 1 500 адамға азайып, 45 063 туристі құрады.
Рейтингтің сегізінші және тоғызыншы орындарын тиісінше Ақмола және Жамбыл облыстары иеленді. Бұл екі өңірде де 2024 жылы шетелдік туристер санының өсуі байқалады. Ақмола облысының орналастыру орындары 44 976 шетелдік қонақты қабылдаса, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 44 226 адамды құрады.
Оныншы орынды үш саты төмендеген Шымкент қаласы иеленді. eQonaq жүйесінің деректері бойынша, 2024 жылы мегаполистің орналасу орындарына 39 887 шетелдік турист тоқтаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 900 адамға аз.
Атап өткен жөн, 2024 жылы eQonaq жүйесінде тіркелген орналастыру орындарында 1,5 миллионнан астам шетелдік турист тоқтаған.