Ауыл шаруашылығы санағы бойынша ең көп интервьюерлер қайда жұмыс істейді

Бүгін, 14:03
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views55
Ауыл шаруашылығы санағы бойынша ең көп интервьюерлер қайда жұмыс істейді
Фото: Ұлттық статистика бюросынан

Түркістан облысында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңі аясында 441 интервьюер жұмыс атқарып жатыр – бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жалпы Қазақстан бойынша 3,2 мыңнан астам интервьюер санақ жұмысына тартылған. 

Күн сайын интервьюерлер ауыл-аймақты аралап, тұрғындармен сауалнама жүргізуде. Түркістан облысында санақпен 804 елді мекен, 177 ауылдық округ және 7 қала қамтылған. Бүгінде өңірдегі үй шаруашылықтарының 96%-ы санақтан өтті. Түркістан облысы – елдегі ең халқы тығыз орналасқан өңір, онда барлығы 262 мың үй шаруашылығы бар, ал республика бойынша олардың жалпы саны 1,6 млн. 

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев жұмыс сапары барысында өңірдегі интервьюерлердің қызметімен танысты. 

«Халықпен жұмыс – ең күрделі міндеттердің бірі. Күн сайын дәл осы интервьюерлер тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, санақтың мақсатын түсіндіреді және маңызды деректерді жинайды. Түркістан облысында ауыл халқының үлесі жоғары болғандықтан, біз интервьюерлерді мұқият дайындап, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік, оларға планшет, арнайы форма, қорғаныс құралдары мен иттерді жолатпау құрылғылары берілді», - деді ол. 

Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер санақтың ұйымдастырылуына белсенді қолдау көрсетіп отыр, олар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға интервьюерлердің келетінін алдын ала хабарлайды. Бұл сауалнама процесін тыныш әрі қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етеді. 

Еске салайық, ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңі 20 қазанға дейін жалғасады. Интервьюерлер үй-үйді аралап, төрт түліктің, жер учаскелерінің, бау-бақшаның және басқа да шаруашылық қызмет түрлерінің бар-жоғы туралы деректер жинайды. Барлық сұрақтар бойынша тұрғындар 1446 байланыс орталығына тегін қоңырау шала алады.