Ауыл шаруашылығы министрлігі ет нарығындағы делдалдарға бақылауды күшейтті

Бүгін, 14:02
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views58
Ауыл шаруашылығы министрлігі ет нарығындағы делдалдарға бақылауды күшейтті
Фото: primeminister.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп ет бағасын тұрақтандыру және делдалдар тарапынан негізсіз үстемеақы қосуды болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізуде. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, елімізде өндірілетін еттің көлемі жеткілікті. Сауда орындарына жүргізілген үш күндік бірлескен рейдтер барысында фермерлердің көтерме саудада өз өнімдері келісін 3 000-3 500 теңгеден өткізетіні анықталды. Сонымен қатар, делдалдардың қысқа уақыт ішінде ет бағасын едәуір көтеріп жіберетіні де белгілі болды.

«Бір жерден 3 200-ден сатып алып, сауда желілеріне 3 800 теңгеден тапсыратын фактілер кездесті. Бір сағат ішінде бір килограмнан 600 теңге пайда табады. Делдалдармен жұмыс жүргізу керек. Біз сауда министрлігімен бірлесіп бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз», - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.