Астанадан Бурабайға жаңа туристік пойыз жолға шықты
Қысқы мерекелер қарсаңында Ұлттық тасымалдаушы «Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша жаңа туристік электр пойызын іске қосты, деп хабарлады Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа пойыздың вагондарына елорданың бірегей көрнекі жерлері бейнеленген. Сондай-ақ вагондарда Visit Astana және Visit Aqmola өңірлерінің туристік брендтері орналастырылған. Вагондардың ішкі безендірілуінен Астана қаласының мәдени ерекшеліктерін және Бурабай курортты аймағының табиғи сұлулығын көруге болады.
Пойыздың тағы бір ерекшелігі – эксклюзивті аудио тур. Сапар барысында жолаушылар Астана мен Бурабайдың тарихы, мәдениеті мен табиғи байлығы туралы қызықты деректерге қаныға алады.
«Жаңа туристік пойызды іске қосу – ішкі туризмді дамыту және Қазақстан бойынша саяхаттауға жаңа мүмкіндіктер ашу жолындағы маңызды қадам. Бұл жоба ел тұрғындары мен қонақтары үшін ең әдемі курортты аймаққа еркін жетуге мүмкіндік береді», – деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Пойыз Нұрлы Жол (Астана) станциясы мен Бурабай курорты арасында тоқтаусыз жүреді. Жол жүру уақыты – 2 сағат 26 минут.