Астанада «Ұстаз» фильмінің таныстырылымы өтті
Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің және Жетісу облыстық әкімдігінің қолдауымен астаналық педагогтер мен білім беру ісінің ардагерлері үшін жетісулық режиссер Ерлан Ошақбаевтың «Ұстаз» фильмінің тұсаукесері ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Фильмде жас ұстаздың туған ауылына оралуы, өзі оқыған мектепте жұмыс істеуі, оқушылармен қарым-қатынасы, мұғалімнің беделі, шәкірттерін білім бәсекесіне қабілетті етуге деген ұмтылысы мен жаңашылдығы, сондай-ақ педагогикалық қызметтің қиындығы мен қызығы көрініс табады.
Таныстырылым кезінде сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, фильмді еліміздің басты телеарналарынан көрсету және барлық өңірлерде педагогтер қауымдастығы арасында тарату жөнінде ұсыныс білдірді.
«Мемлекет басшысы педагогтардың қоғамымызда маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын. Бұл сөздер педагогтарды қолдауға және білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдармен бекітілді. Алғашқы және маңызды қадамдардың бірі 2019 жылы ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануы болды, ол педагогтардың жұмыс жүктемесін азайту, артық функциялардан босату және жаңа ынталандыру шараларын енгізу мәселелерін реттеді. Осы фильмнің негізгі миссиясы – педагогтың тек мамандық емес, нағыз шақыру, миссия екендігін көрсету. Олардың қоғамдағы рөлін терең түсінуге, жас мұғалімдер үшін жауапкершілікті сезінуге және кәсіби дамуға шабыттандыратын маңызды себеп болатынына сенемін», – деді министр.
«Ұстаз» фильмінің идея авторы – Бейсен Құранбек, сценарийін жазған – Гүлмира Қадырқызы, ал фильм кейіпкерлерінің рөлдерін Жетісу облыстық драма театрының және Оқушылар сарайындағы поэтикалық театрдың актерлері сомдаған. Фильм Жетісу телеарнасының қолдауымен өңірде түсірілген. Алдағы уақытта ол еліміздің бас телеарналарынан көрсетілмек.