Биылғы Жолдауды елдің экономикалық даму жолының нақты жол картасы деп айтуға болады – Зұлфухар Ғайыпов

Бүгін, 16:55
Айман Нығмет Айман Нығмет
views89
Биылғы Жолдауды елдің экономикалық даму жолының нақты жол картасы деп айтуға болады – Зұлфухар Ғайыпов
фото: Зұлфухар Ғайыповтың жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады.  Президенттің осы жылғы Жолдауында экономикалық бағытқа ерекше көңіл бөлінді. Мұндай пікірді саяси ғылымдардың докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, елордалық Қоғамдық кеңестің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Зұлфухар Ғайыпов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы  Жолдауы да еліміздегі барлық саланы қамтыды. Сонымен қатар қоғамның барлық әлеуметтік топтарына арналды. Кез келген мемлекеттің әлеуеті оның экономикалық көрсеткіштеріне байланысты екенін ескерсек, бұл Жолдауда экономикалық блокқа ерекше мән берілді. Ғылыми-техникалық прогрестің жемісі -  жасанды интеллект пен барлық салаларды цифрлық жүйеге көшіру идеясы Жолдаудың негізгі өзегі болды»,- деді Зұлфухар Ғайыпов.

Ұлттық құрылтай мүшесі ел экономикасын дамытуда инвестиция шешуші рөл атқаратынын айтты.

«Мемлекет басшысы мың құбылған жаһандық әлемдегі экономикалық жағдайға тоқталды. Осы орайда ел экономикасын дамытуда инвестицияның маңызы зор екені белгілі. Мемлекет басшысы Үкіметке инвестициялық саясатты қайта қарау туралы бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, инвестицияны өңдеу және қайта өндіру саласына тарту, қажет болған жағдайда жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдіктер ұсыну, мемлекет пен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару туралы айтты. Ол сонымен қатар инвестиция тарту жүйесін толық жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар жоспарын қысқа мерзім ішінде әзірлеуге тапсырма берді»,- деді ол.

Зұлфухар Ғайыпов Жолдауда экономиканы жаңғырту үдерісімен қатар адам капиталын дамытуға да ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Президент атап өткендей, экономикалық дамудың негізгі факторы – адами капитал. Осы бағытта нақты шаралар ұсынылды. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні мектеп бағдарламасына енгізу, қажет болған жағдайда арнайы оқулықтар әзірлеу, қазақ тілінде цифрлық мектептер ашу, мұғалімдердің жаңа технологияларды меңгеруін қамтамасыз ету, қашықтан оқыту және жасанды интеллект негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу туралы айтты»,- деді Зұлфухар Ғайыпов .

Ұлттық құрылтай мүшесі Президенттің биылғы Жолдауын еліміздің экономикасын қысқа және орта мерзімді кезеңде дамытуға арналған нақты жол картасы деп атады.

«Бұған қоса «Ғылым – Білім – Инновация» үштігі бірлесе отырып, адами капиталды дамытуға жұмыс істеуі қажет. Қажет болған жағдайда шетелдік мамандарды немесе шетелде жүрген отандық ғалымдарды елге тарту маңызды. Қорыта келе, Жолдауда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, табысын өсіру басты назарда болды. Қазақстан жаһандық бәсекелестікке төтеп бере алатын, өз орнын нақты айқындаған мемлекетке айналуы тиіс. Бұл Жолдауды еліміздің қысқа және орта мерзімді экономикалық даму жолының нақты жол картасы деп айтуға болады»,- деді ол.