Жасанды интеллектіні меңгеруге арналған AI-Sana бағдарламасы жүзеге асып жатыр — Саясат Нұрбек

Бүгін, 17:41
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views88
Жасанды интеллектіні меңгеруге арналған AI-Sana бағдарламасы жүзеге асып жатыр — Саясат Нұрбек
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім  министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында инновациялық саясатқа қатысты функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілетін болады. Берілетін бағыттар келесіні қамтиды: 1)инновациялық гранттар беру; 2)өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қаржыландыру; 3)инвестициялық қорлар құру; 4)арнайы экономикалық аймақтарды дамыту; 5)акселерация және бизнес-инкубациялау; 6)білім беру және ғылыми-технологиялық бағдарламаларды енгізу.Бұл міндеттер қолданыстағы заңдарға сәйкес тиісті функциялар мен ведомстволық ұйымдарды Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беру арқылы жүзеге асырылады», - деді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, шетелдік студенттер мен ғалымдарға виза беру тәртібі қайта қарастырылады.

«Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің 40 филиалы ашылуда. Бүгінде елімізде 31 500 шетелдік студент білім алуда. Мақсат — бұл санды 2029 жылға қарай 150 000-ға жеткізу. Ол үшін шетелдік студенттерге, сондай-ақ ғалымдар, профессорларға, мамандарға виза беру тәртібін қайта қарастыруымыз қажет. Шетелдік студенттер үшін көп мәртелік электронды виза қарастырылады. Бұдан бөлек, еліміздің көші-қон саясаты тұжырымдамасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша визаларды енгізу қарастырылған. Мұндай визалар ғылым, білім, технологиялар салаларында құнды дағдылары бар шетелдік мамандарға және этникалық қазақтарға беріледі», - деді ол.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай мүмкіндіктер көп елде бар. Мысалы, Канадада түлектерге 1 жылдан 3 жылға дейін жұмыс істеуге рұқсат беретін құжат бар. Дубайда шетелдік студенттер ұзақ мерзімді визалар алады, ал үздік студенттерге арнайы «Алтын виза» беріледі. Мәскеуде студенттерге «Мәскеулік карта» жұмыс істейді.

«Президенттің тапсырмасымен AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның мақсаты – студенттерді жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларында қолдануға үйрету, стартап ашуға және кәсіпкерлікке баулу. Арнайы сертификат курстары Google, Nvidia, Huawei компаниялары және Astana Hubпен жасақталған. Қазіргі таңда 650 мын бакалавр студенттердің ішінен 429 мыңнан астам студент, 3 мыңнан астам оқытушы жасанды интеллект сертификаттарын алды», - деді ол.

Бағдарлама төрт кезеңнен тұрады:

1-кезең: Барлық студенттер Coursera, Huawei және Astana Hub платформаларында жасанды интеллект негіздерін меңгереді.

2-кезең: Арнайы бағдарлама арқылы студенттер кәсіпкерлікті, жасанды интеллектіні жобаларда қолдануды және жаңа идея ойлап табуды үйренеді.

3-кезең: Студенттер өз жобаларын жасап, менторлар мен сарапшылардың қолдауымен дамытады.

4-кезең: Үздік жобалар стартапқа айналып, халықаралық деңгейге шығады.