«Қашанға дейін ақшаны құмға сіңдіріп отырамыз»: депутат Ресейден 5 млрд теңгеге сатып алынатын су туралы айтты


Бүгін Үкімет отырысында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздегі су мәселесіне қатысты мәселені көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Сіздің есебіңізде Қазақстандағы су мәселесі жағдай өте жақсы. Бірақ өмірде олай емес қой. Қазіргі таңда Қазақстанның қай аймағын да болсын, су жетіспеушілігі бар. Мен сізге бір-ақ мысал келтірейін. Батыс Қазақстан облысында Казталов ауданында суды Ресейден алып отыр. «Қазсушар» жылына 5 млрд теңге беріп, Ресейден су алады. Бірақ сол су келеді де, құмға сіңіп кетеді. Сонда біз жылына бюджеттің 5 млрд теңгесін құмға сіңдіріп отырмыз. Мұнда су қоймасын салу жобасы осыдан 10 жыл бұрын басталған. Әлі аяқталған жоқ. Міне, осы мәселені қашан шешесіздер? Біз қашанға дейін бюджеттің ақшасын құмға сіңдіріп отырамыз? Сіздер әлі күнге дейін қолымызда бар суды үнемдеу механизмін жасаған жоқсыздар», - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Осыған қатысты Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жауап берді.
«Батыс Қазақстан облысында екі су қоймасын саламыз. Ол жерде Үлкен және Кіші өзендер. Дұрыс айтасыз, Ресей мемлекетінен біз жылда сол жаққа су беру үшін келсімшартқа отырамыз. Және қаражат береміз. Себебі оны шешудің басқа жолы жоқ. Салынатын 2 су қойманың сыйымдылығы 50-60 млн текше метр. Ал біз жылына Ресейден 350 млн текше метр алып жатырмыз. Біз сол маңдағы елді сумен қамтамасыз етуіміз керек. Су жерге кеткенімен Батыс Қазақстанға кетіп жатыр. Кейін ол экологияға да әсерін береді. Сондықтан біз бекер біз қаражат беріп жатырмыз деп айта алмаймыз», - деді министр.