Ерікті болу үшін адамгершілік қасиеттер керек – волонтер
«Жалында жастар» қоғамдық бірлестігі Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 2008 жылы тіркелген. 2015 жылдан бастап осы қоғамдық бірлестікке төрағамын. Бұл ұйымға келгендегі басты мақсатым ауылды жерлердегі жастардың бос уақытын тиімді өткізу, ауылда ағылшын тілін дамыту, ауыл жастарының белсенділігін арттыру арқылы оларды қоғамдық жұмысқа тарту болды. Осылайша жастар арасындағы патриотизмді арттыру қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар атқарып жатқан жұмыстарымыздың мақсаты – халықтық бақылау орнату, халықтың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, азаматтық қоғамдық дамыту, азаматтарымызды жергілікті билікпен бірге шешім қабылдауға шақыру. Осы жобаларды атқара отырып, мониторинг жүргізуге үлес қосудамыз. Жолдың сапасына, бағаларға мониторинг жүргіземіз, - дейді ол.
Ол осы бір ұйымның жұмысына толығырақ тоқталып өтті. Сардордың айтуынша, «Жалында жастар» қоғамдық бірлестігі тың жобаларды іске асыруда.
Бұл ұйым 2015 жылдан бастап English Access Microscholarship деген бағдарламаны іске асырып келеді. Осы бағдарлама бойынша АҚШ Елшілігінің қолдауымен аз қамтылған отбасылардың, дарынды, талантты отбасылардың балаларына ағылшын тілі екі жыл тегін үйретіледі. Ауыл жастарының тіл үйренуге талпынысы болғанымен, мүмкіндіктері жоқ. Мектептен бөлек басқа жерлерде үйренгісі келеді. АҚШ Елшілігі тарапынан осындай жоба ұсынылды. Бұл жоба – біздің үлкен жемісті жұмысымыз. Жобаның мақсаты ағылшын тілін оқыту арқылы жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, оларды волонтерлік жұмысқа тарту, көшбасшылық, гендерлік саясат бойынша, әртүрлі қоғамдық мәселелерге тарту болды. Біз ағылшын тілін үйретуге балаларды тарта отырып, волонтерлік жұмыстың маңыздылығын ашып көрсете бастадық. 2018 жылы Қазығұрт ауданындағы мектеп оқушылары алғаш рет волонтерлік пен ағылшын тілін оқудың арқасында АҚШ-қа «FLEX» бағдарламасы арқылы мобильділік бойынша бір жыл оқып келді. Бұған дейін Қазығұрт ауданындағы мектептердің бірде-бір оқушысы дәл осылай Америкаға оқуға барып көрмеген.
Екінші үлкен жобамыз – 2015-2018 жылдар арасында біз ауылдың мүмкіндіктерін арттыру жобасына қатыстық. Бұл жоба үш жылға созылды. Осы 3 жылдың ішінде бүкіл үкіметтік емес ұйымдардың жұмысымен таныстық, ауыл-ауылды, еліміздің бірқатар аймақтарды аралап, көптеген жұмыстарды көрдік. Өзге өңірлердегі тың жобаларды неге өзіміздің ауылға әкелмеске деген ой келді. Содан «Волонтерлердің белсенділігін арттыру» деген жоба жасадық. Бұл жоба бойынша Қазығұрт ауданында алғаш рет оқушылар арасынан 20 жас тренерді іріктеп алып оқыттық. 500 адамға тренинг өткіздік. Нәтижесінде, балаларымыздың өздері де тренер болып жұмыс істей бастады. Ардагерлерге барды, флэшмоб ұйымдастырды, экологиялық шараларға қатысты. Оқушыларымыздың волонтерлік жұмысқа деген қызығушылықтары оянды.
Тағы бір жобамыз – «Болашақ жастардың қолында» жобасы. Оны «Береке» қоғамдық бірлестігі қаржыландырды.. Жастарға әлеуметтік жобалар жасауды үйреттік, дайын нәрсеге үйренбей, идея тастадық, ауылдың дамуына үлес қосуға ой салдық. Балалар да волонтерлікке қызыға бастады, - дейді ерікті.
Сардор айтып өткендей, ұйымдағы волонтерлер түрлі жұмыстар атқарады. Еріктілер қазіргі таңда өзекті болып тұрған мәселелердің бірі – жол сапасына да баса назар аударады.
Біздің ұйымда волонтерлеріміз әртүрлі мерекелік іс-шараларды өткізеді, жастарды оқытады, ардагерлерге көмектеседі, экологиялық іс-шараларға қатысады, тренингтер өтеді, флэшмобтар ұйымдастырады. Лагерлерде тәлімгер болып жұмыс істейді, мониторинг жасайды, аудандық бюджетті, бөлініп жатқан ақшаны тексереді, билік пен халық арасында көпір болады. Соңғы үш жылда жолдарға көбірек мониторинг жүргіземін. Әлеуметтік мәселелер мен жұмыстарға, облыстық маңызы бар жолдарға мониторинг жасаймыз, сапасына қараймыз, көптеген қателіктер болды, оларды дер кезінде айттық. Сапаға көңіл аударудамыз. Біздің ұсынған жобамыз қоғамдық- әлеуметтік мәселелерді шешуде халықтың жергілікті деңгейде шешім шығаруға атсалысуы. Ауылды аралап жүріп, халықтың мәселесін тыңдаймыз. Аудан әкіміне ұсыныстарымызды жеткіземіз, - дейді волонтер.
Еріктінің пікірінше, волонтерлік жұмыстың әлеуеті зор, берер пайдасы да мол.
Волонтерлік жұмыс студенттерге өте үлкен мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, студенттеріміз сол нәрсені білмейді. Мен студенттермен жұмыс істедім. Олар волонтерлік жұмыстың мүмкіндіктерін біле бастады. Менің оқушыларым өз университеттерінде өте белсенді. Оқу ордасында жүріп волонтерлікке кірісу керек. Волонтерлік тегін жұмыс қой, ол маған керек емес дейді, бірақ осы жұмыстың адамды қалай дамытатынын білмейді. Еш таныс-тамырсыз БҰҰ-ның ұйымдарына кіреді. Волонтерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Оларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Мысалы, волонтерлік жұмыс еңбек өтілі саналады. Сондай-ақ волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі, - деп атап өтті «Жалында жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Ерікті сонымен қатар өзі волонтерлік жұмысқа қалай келгенін де айтып берді.
Ағылшын тілінің мұғалімі мамандығын бітіргенмін. Шымкентте «Tesh (Teaching English in Shymkent)» деген ағылшын тілінің ассоциациясы бар еді. Сол жерде конференция ұйымдастырылды. Оларға көмек бермек болып, көмектестім. Сөйтіп жүріп, кез келген шарасына қатыса бастадым. Менде адамдарға көмектесуге деген ынта пайда болды. Тренингтер ұйымдастыра бастады. Бұл маған тәжірибе жинақтауыма жәрдемін берді. Маған халықпен жұмыс істеу ұнайды, адамдарға көмектескім келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адалдық алаңы» жобасына волонтер болып кірдім. Ауылдағы, мектептегі, ҰБТ-дағы жемқорлықты көріп, 2018 жылы осы жобаға кіруге бел будым. Сол жерге кіріп, бәрін қадағалай бастадым, ҰБТ, пәндік олимпиаданы тексере бастадым. Әлеуметтік желіде де өте белсендімін. Соның арқасында пән олимпиадалары әділ өте бастады. Кейіннен мені соған шақыратын болды.
Мен өз ауылымда қаламын. Америкада, Англияда, Еуропаның бірқатар қалаларында болдым. Өз ауданым мен ауылымнан жайлы жер жоқ екенін түсіндім. Сөз соңында айтарым, волонтер болу – адамдарға жақсылық жасап, риясыз мейірімділік көрсету, қолынан келгенше жақсылық жасау, жаңа дағдыларға үйрену. Ерікті болу үшін адамдарға адалдық, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттер керек, - дейді волонтер Сардор Исманов.
Аяулым Серік