1200 тұтқын мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін – ІІМ


Қазақстанда есірткі қылмысы үшін жаза өзгеріп, есірткі тасымалдаушылардың жаза мерзімі қысқартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде айтылды.
Енді есірткі тасымалдап ұсталғандардың бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босауына мүмкіндік туды . Ресми мәліметтерге сәйкес, бас бостандығынан айыру орындарында қазір 16 мен 30 жас аралығындағы 1200-ге жуық есіртікі тасымалдаушы отыр. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді.
Сондай-ақ ол өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы есірткі қылмысына қарсы күресті одан әрі жетілдіру мәселелері жөніндегі заңға қол қойғанын еске салды. 3 наурыздан бастап құжат күшіне енді.
Өзгеріске сай, Қылмыстық кодекстің қолданыстағы 297-бабы сатушылар үшін де, оның ішінде есірткі тасымалдаушылар үшін де қылмыстық жауаптылықты сақтайды. Алайда, егер қылмыс бірінші рет жасалса және есірткіні өндірусіз, өңдеусіз сатылған болса, жаза жеңілдетіледі.
Сонымен қатар, заң кәмелетке толмағандарға және білім беру ұйымдарында есірткі сатқан ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында есірткі қылмыстарын жасаған адамдар үшін жазаны күшейтеді. Сондай-ақ өз қызметтік жағдайын пайдалана отырып, есірткі қылмысын жасаған лауазымды адамдар үшін жауапкершілік күшейтіледі. Енді бұл үшін 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған.



