Жазда 7 млн-нан астам жолаушы теміржол көлігімен тасымалданады

29 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жазда 7 млн-нан астам жолаушы теміржол көлігімен тасымалданады
Фото: ҚТЖ

Елдің магистральдық теміржол желісі бойынша 154 маршрут жүреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен 20,8 млн жолаушы тасымалданды, өсім 6% деңгейінде болды. Биыл 7% өсіммен 22 млн жолаушы тасымалданады деп күтілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сонымен қатар жазғы кезеңде 7 млн-нан астам жолаушыны тасымалдау жоспарлануда.

«Тасымалдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 12 қосымша жазғы маршрутты, оның ішінде Алакөлге дейінгі 9 маршрут, Астанадан Алматыға, Шымкентке дейінгі үш маршрут және Балқаш-Қарағанды бағыты бойынша бір маршрутты ұйымдастыру жоспарланған. Бұл шаралар жазда пойыздарда 300 мыңға жуық қосымша орын құруға мүмкіндік береді. Жолаушылар ағыны ұлғайған сайын қосымша вагондарды тіркеу арқылы қолданыстағы пойыздар құрамының ұзындығы мезгіл-мезгіл артып отырады. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында осы жазғы кезеңде 1 млн қосымша орын беріледі», – деді Жәнібек Тайжанов.

Сондай-ақ жазғы тасымалдарға дайындық аясында пойыздарда тазалау күшейтілді. Санитариялық тораптарды жуу-жинау күндізгі уақытта әр сағат сайын, ал түнгі уақытта әр 2 сағат сайын қамтамасыз етіледі, вагонның ішін жинау тәулігіне кемінде 3 рет жүргізілмек. Көлік министрлігі жаз мезгілінде ұлттық және жеке тасымалдаушылардың жұмысын ай сайын тексеріп отырады.