00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жанерке Ажетова: Ана денсаулығы - ұрпақ саулығының кепілі

7 наурыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жанерке Ажетова: Ана денсаулығы - ұрпақ саулығының кепілі
Коллаж: Elordainfo.kz

Жанерке Рақымбайқызы астаналық қыз-келіншектер қандай тегін тексерістен өте алатынын, мемлекет тарапынан әйел денсаулығын жақсарту мен аурулардың алдын алу бойынша қандай шаралар қарастырылатыны туралы айтып өтті, деп хабарлайды Elorda.info.

Жанерке Рақымбайқызы астаналық қыз-келіншектер қандай тегін тексерістен өте алады? Мемлекет тарапынан әйел денсаулығын жақсарту мен аурулардың алдын алу бойынша қандай шаралар қарастырылған? 

Біз медицина қызметкерлері әйелдерге өз денсаулығына немқұрайлы қарауға болмайтынын, әрдайым өзіне күтім жасау қажеттігін айтып жүреміз. Себебі ана денсаулығы ол болашақ ұрпақтың, сол арқылы тұтас ұлттың денсаулығына тікелей әсер етеді. Сол үшін мемлекет тарапынан көптеген кешенді іс-шаралар қолға алынды. Тек осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, дер кезінде дәрігерлік тексерістен өтсе екен дейміз. Мәселен, сүт безі, жатыр мойны, тік ішек обырын ерте анықтауға арналған скринингтер, жүктілік кезіндегі хромосомалық аурулар мен ұрықтың туа біткен ақауларын ерте анықтауға арналған скрининг жүргізіледі. Биылдан бастап 11 жастағы қыздар арасында жатыр мойны обырын тудыратын HPV-ге қарсы вакцинация басталады. Бұл аталған обырдан болатын өлім-жітімнің төмендеуіне ықпал етпек. 

Сонымен қатар эндометриоз, фертильді жастағы әйелдерде болатын анемия, 2 типті қант диабеті, артериалдық гипертензия сияқты аурумен ауыратын жандар тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Экстракорпоральды ұрықтандыру квотасының іріктеу критерийлеріне сәйкес келетін, әлеуметтік медициналық сақтандыруы бар барлық әйелдер жасанды ұрықтану әдісіне квота ала алады. Бұған қоса бала тууды жоспарлап жүрген әрбір әйелдің өзі тіркеуде тұрған емханада жыл сайын толық тексеруден тегін өту мүмкіндігі бар. Жүкті әйелдер фолий қышқылы және басқа да маңызды препараттармен тегін қамтамасыз етіледі. Жалпы жүктілікті жоспарламаса да репродуктивті жастағы әрбір әйел  жылына бір рет өзі үшін жалпы клиникалық талдауларды тапсырып, гинекологтың қабылдауында болуы керек. Сондай-ақ, қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында ақысыз онкоцитологияға тексеріле алады. Биыл елордада 56 мың 143 әйел онкоцитология бойынша скрининг тапсыруы тиіс. Былтыр  58 мың 570 адам онкоцитологияға тексерілді. Яғни осы жылы мұндай тексеруден өтетін әйелдердің саны 4,1%-ға аз болады. 

Өсіп келе жатқан қызы бар аналар не нәрсеге мән беруі керек және әрбір ана қызына қандай кеңес айтуы тиіс? 

Ана қызының жақын досы, сырласы болуы керек. Екеуі ашылып сөйлесіп, денсаулыққа, жас ерекшелігіне қарай қыз баланың бойында болатын өзгерістер туралы жасырмай айтуы қажет. Қыздар гигиена, ерте жыныстық қатынастың зияны, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың салдары туралы анасынан білгені дұрыс. Бұл жасыратын, ұялатын тақырып емес, сол үшін апа-әпкелері мен басқа да жақын-туыстары бойжетіп келе жатқан қыздарымызға бүкпесіз айтып берсе артық етпейді.

Әйелдер әдетте гинеколог маманнан сұрауға қысылатын сұрақтар бар шығар. Мысалы сіз пациент осыны сұраса екен немесе неге осыған мән бермейді деп ойлайтын сауалдар бар ма? 

Маманның алдына келіп отырса да өзін мазалаған сұрақтарды қоюға ұялатын қыз-келіншектер бар. Біз үшін қалыпты тақырып болғанымен пациент кейде қысылатын, енді бірде жасырып қалатын сұрақтар әрине кездесіп жатады. Оның бәріне түсіністікпен қараймыз. Дегенмен жүктілікті жоспарлау дегенге атүсті қарауға болмайтынын ескерткім келеді. Дәрігердің қабылдауына келген кейбір жас босанған әйел жүктіліктен қорғану жолдарын ашық сұрамайды. Соның салдарынан 1 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер жоспарланбаған екінші жүктілікпен тіркеуге тұрады. Маман ретінде жас аналарға әр жүктілікті жұбайымен бірге алдын-ала жоспарлау керек деген кеңес бергім келеді. Жүктілік арасы 2-3 жыл болуы керек деген ұсыныс жайдан жай айтылмайды.  Араға уақыт салғанда ана үшін де, баланың дамуы үшін де көптеген қауіптер мен асқынулардың мүмкіндігі төмен болады.  Осы уақыт аралығы ағзадағы дәрумендер мен минералдардың тапшылығын жоя алады.Сонымен қатар, қандай да бір аурулар болса соны емдейді, былайша айтқанда жас ана қалпына келіп үлгереді. 

Әйел өз денсаулығына қатысты қандай белгілер мен симптомдарға аса мән беруі керек? 

Әйелдің репродуктивті денсаулығына қатысты аурулар мен шағымның түрі көп. Алайда гинекологияда жиі кездесетін аурулар бар. Олардың арасында мысалы қабыну, жүктіліктің мезгілінен бұрын үзілуі яғни түсік тастау,  эндометриоз және жатыр миомасы мен бедеулікті атап көрсетуге болады. Мұның барлығы аурудың алғашқы белгілерін елеп, ескермегеннен болады. Егер жасөспірім немесе әйел қандай да бір ыңғайсыздықты сезінсе, іштің төменгі бөлігінде ауырсыну, ісіну байқалса уақыт созбай шұғыл түрде медиицналық мекемеге қаралуы керек.   

Қыз балалардың ерте жыныстық қатынасқа түсуі мен оның зардаптары туралы айтып өтсеңіз.

Халықаралық ұйымдар жүргізген зерттеулерге қарағанда Қазақстандағы жасөспірімдердің шамамен 30%-ы жыныстық өмір сүреді. Бұл ерте жүктілікке және етеккір циклінің бұзылуына, қабыну мен қан кетуге, бедеулік сияқты түрлі асқынуларға әкеп соғады. Сонымен қатар, әртүрлі инфекциялық аурулар, кондилома және т.б. ауруларды тудыратын адам папилломасы вирусын да жұқтыруы мүмкін. Жас қыздарымыз жыныстық өмірді ерте бастамай, бала жоспарлауға жан-жақты дайындықпен келсе репродуктивті денсаулығы да соғұрлым мықты болады. Медицинада «Денсаулыққа байланысты өмір сапасы» деген түсінік бар. Яғни, әйел денсаулығын күтуге, ұзақ өмір сүруге ұмтылуы керек. Бұл үшін созылмалы аурудың алдын-алу, спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, өмірдің дұрыс биоритмінде өмір сүруді жолға қойғаны жөн. Жалпы алғанда дүниеге тек дені сау балаларды әкелуге тырысу қажет. Сол кезде әйел бақытты болады. Бүгінгі бойжеткен, ертеңгі ана, сол үшін де мамандар пікірін қаперінде ұстаса екен. 

-Сұхбатыңызға рахмет!